389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Байқоңырда кәсіпкерлік саласы ілгері баспай тұр

  • 522
  • UPD: 22:12, 13.04.2019

80 мыңға жуық тұрғыны бар Байқоңырда кәсіпкерлік саласы ілгері баспай тұр. Бұған себеп көп.

Негізгілері қосымша құн салығының және коммуналдық тарифтердің қымбаттығы. Жұлдызды қалашықтағы кәсіпкерлермен «Хабар 24» тілшісі Қамбар Бекенов кездесті.

Сейіл Жұмадияров 90-жылдардың басында жолдамамен Байқоңырдағы әскери бөлімге қызмет етуге жіберілген. 1999 жылы ресейлік әскери құрылымдар ыдырап, жұмыстан қысқартылып қалған ол дереу өз кәсібін ашады. Алғашқы дүкені өртеніп кеткеніне мойымай, бастаған ісін жалғастыра берген Сейілдің қазір 4 сауда орталығы бар. Дегенмен, жабық қалада бизнеспен айналысу өте қиынға соғатынын айтады.

Сейіл Жұмадияров, кәсіпкер:

Жеке өзіңіздің сатып алған нысан болмаса жалға алу өте тиімсіз. Себебі тариф өте жоғары, 5 есе жоғары. Коммуналдық төлемдер өте қымбат. 2016 жылдың аяғынан бастап, қосымша салық дегенді ендірді. Бұл өте тиімсіз. Қазір тұтынушылардың көбісі Ақай мен Төретамнан демалыс күндері сауда жасайды. Байқоңыр кәсіпкерлері соның ішінде біз Қазақстан азаматтары өте зиян шегіп отырмыз.

Байқоңырда бизнес бастаймын деп талай қазақстандық іскер азаматтар ұмтылып көрді. Алайда сырттан келгендердің мұнда кәсібін өркендетуі екіталай. Өйткені қос мемлекет арасында талқыланар заңдық сәйкессіздіктер баршылық, дейді байқоңырлықтар.

Серік Асанов, қала тұрғыны:

- Байқоңырдағы барлық кәсіпкерлер РФ салық органдарында заңды тұлға ретінде тіркелген. Ал Қазақстан азаматтары келсе, олар шетелдік резидент болып тіркеледі. Олардың Байқоңырға әкелген тауарлары экспорт ретінде саналғандықтан ұлғайтылған салық төлеуге мәжбүр. Бұл мәселені Еуразиялық экономикалық одақ аясында қарау керек деп санаймын.

Сейіл Жұмадияров, кәсіпкер:

- Қазақстанның бірнеше жігіттерін білемін бизнес саласына келіп, Байқоңырда бизнес бастап, 1 жылға жетпейді бәрі банкрот болып қайтадан жабылып қалады. Қазақстан адамы келіп, бұл жақта кәсіп жасайтын болса, Байқоңырда тұратын жергілікті кәсіпкермен бірлескен компания болып жұмыс істеген оларға тиімді болады. Себебі қыр-сырын білмейді, келеді де ұрынып қалады.

Байқоңырлық кәсіпкерлер бизнесті дамытудағы мәселелер алдағы маусым-шілде айларында өтетін қос елдің үкіметаралық комиссия отырысында оң шешімін табатындығынан үмітті.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы