379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда іргесіндегі аудан тұрғындары неге наразы?

  • 104
  • UPD: 08:09, 15.04.2019

Елорда іргесіндегі тыныс-тіршілік қандай? Бас шаһардың шеткі аудандарындағы инфрақұрылым жағдайы қалай?

Жергілікті тұрғындар шұрық-тесік жолдан мезі болып, коммуналдық желілердің жоқтығына шағымданып жатыр.

Шұрық-тесік жол мен жаяу жүргінші жолының жоқтығы. Көшенің көптен бері жөндеу көрмегенін байқауға болады. Әсіресе, көктемгі лайсаңда аяқ алып жүру мүмкін емес. Көліктердің де өтуі сирек құбылыс. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл көшеге такси жүргізушілері келуге асықпайды. Ал жедел жәрдем мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері мекенжайды таппай жатады.

Қарашай Тұрғанбекұлы, жергілікті тұрғын:

– Көктал-2 тұрғын ауданында тұрып жатырмыз. Ұлытау деген көше. Жолдың жөнделмегеніне 3-4 жыл болды. Бұл жолмен ешкім жүргісі келмейді. Көбі айналып кетеді.

«Көктал-1» тұрғын алабының сиқы да осы. Өткен жылы көше жолдарының 90 проценті жөнделген болатын. Асфальт қабатын жаңарту жұмыстары «Көктал-2» ауданын да қамтыды. Алайда шешілмеген мәселелер саны мұнымен азаймақ емес. Мұны қалалық билік те жасырмайды. Олардың айтуынша, қазіргі уақытта бірінші кезекте жаңғыртылатын аудандар таңдалынып, кешенді жоспар әзірленді.

Антон Максимов, қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

– Бірінші кезекте Үркер, базар, Орман зауыты аудандары мен Алаш тасжолы қамтылады. Аталған шағын аудандарда күрмеулі мәселе бұрыннан бар. Жалпы осы бағытта жұмыстар тыңғылықты жүргізіліп келеді. Балаларға арналған ойын алаңдары мен саябақтар ашылып жатыр. Аудан әкімдіктері үшін инфрақұрылым нысандарының құрылысы да жобаланған. Оның ішінде абаттандыру, ескі жолдарды жөндеу, жаңа жолдар салу, көшелерді жаңғырту жұмыстары бар.

Алдағы 5 жыл ішінде инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға шамамен 175 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Оның едәуір бөлігі шеткі аудандарды жаңғыртуға бағытталады. Мәселен жалпы ұзындығы 121 шақырым жол жөнделіп, 230 шақырым сумен жабдықтау желісі қалыпқа келтіріледі. Сондай-ақ Көктал-1, Көктал-2, Теміржол және Оңтүстік-Шығыс аудандары газдандырылады. Осылайша, бірнеше ондаған мың тұрғынның өмір сүру сапасы артады, дейді қалалық билік өкілдері.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Андрей Деменок, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы