378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматының жаңа аудандарындағы тұрғындар көше мәселесіне алаңдаулы

  • 83
  • UPD: 08:51, 15.04.2019

Алматыға соңғы жылдары қосылған Алатау мен Наурызбай аудандарында жаңа әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй кешендері салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен тұрғындарды мазалайтын мәселе жетерлік. Көшелерді кеңейту, ескі жолдарды жөндеу, электр және газ желісін жүргізу және ауызсумен қамтамасыз ету түпкілікті шешілген жоқ.

Жалпы аумағы 7 мың гектарға жуық Наурызбай ауданына «Қарағайлы», «Ақжар», «Қалқаман», «Таусамалы» сынды 11 ықшамаудан қарайды. Құрылғанына 4 жыл болған ауданда екі көп қабатты тұрғын үй кешені, 3 жаңа мектеп пен 7 балабақша ашылды. Бұған қоса әкімшілік басқару нысандары мен халыққа қызмет көрсету орталығы салынды. Негізінен жекеменшік секторларда көше мәселесі өзекті.

Жекеменшік тұрғын үй секторындағы тар көшелердің көбі тығырыққа келіп тіреледі. «Ал бұл жағдай коммуналдық қызмет, өрт сөндіру, қоғамдық көліктер мен жедел жәрдемнің еркін жүріп-тұруына кедергі келтіреді», дейді жергілікті тұрғындар.

БЛИЦ:

– Бекішова көшесінде өтетін жер жоқ. Жедел жәрдем көлігі өте алмайды.

– Жолдарды жөндесе екен деген тілегім бар. Жаяу жүргіншілерге бұл жол қиын. Өзі тар.

Өткен жылы тұйықталған 7 көше ашылды. Биыл ауданның даму жоспарына қала бюджетінен 19 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Елді мекендерге орталықтандырылған ауызсу жүйесін жүргізу үшін екі су тоғанын салу жоспарланған. Ал арық жүйесінің ұзындығы 62 шақырымға жетсе, биыл және 8 шақырым су жүйесін салу қажет.Бұдан бөлек 21 шақырым көше жөнделмек.

Асылхан Орынбеков, Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары:

– Биыл тағы сондай 3 көше анықталды. Ол Бектембай көшесі Таусамал шағын ауданында. Таусамылы базары жанында тұрғындар өз бетімен құрылыс базарын салып тастаған.

Алатау ауданында да 11 ықшамаудан бар. 2008 жылдан бері мұнда да жаңадан мектеп пен балабақша, емхана сынды әлеуметтік нысандар, «Алғабас» пен «Саялы» шағын аудандарында бірнеше көп қабатты тұрғын үй кешендері салынды. Дегенмен көше мен жол мәселесі әлі де күн тәртібінен түспей тұр.

Шафкат Ісләмов, қала тұрғыны:

– Біздің көшенің сиқы осындай. Жауын жауса болды, батпақ пен лайдан аяқ алып жүре алмайсыз. Күнде сабаққа баратын оқушыларға обал.

Қазір бірқатар көшені қалыпқа келтіру жұмыстары басталып кетті. Барлығы жоспарға сай, кезең-кезеңімен іске асады, дейді әкімдік өкілдері. Елді мекендерде жарықтандыру, электр қуатымен қамтамасыз етуде кедергілер бар. Өйткені көше тұрғындары бірігіп жекеменшік трансформатордан тоқ алады. Қазір соларды қала иелегіне көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Берік Әшірбеков, Алатау ауданы әкімінің орынбасары

– Электр желілерін қала балансына алу біздің техникалық талапқа сәйкес келмейді. Сол себепті біз қазіргі таңда осы айтылған шағын аудандардағы мәселелер бойынша электр желілерін иесіз деп тану туралы сот шешімін алдық. Қазіргі таңда тиісті басқармамен жұмыс дайындап жатырмыз.

Биыл осы екі ауданда су және кәріз жүйелері, жаңа арық арналары жасалынбақ. Мысалы, Әйгерім, Томирис, Ұлжан ықшамаудандарда бұған дейін орталықтандырылған жүйе мүлдем болмаған. «Жобалық сметалық құжаттар мақұлданып, бюджеттен қажетті қаржы уақытылы бөлінсе жұмыс басталады», дейді сала мамандары.

Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы