376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында 90-жылдары бос қалған үйлер түрлендірілді

  • 86
  • UPD: 18:06, 15.04.2019
Қостанай облысында 90-жылдары бос қалған үйлер түрлендірілді

Қостанай облысындағы Жітіқара қаласында қараусыз қалған көп пәтерлі үйлерді түрлендірудің ерекше әдісі табылды. Мұндай игі іске жергілікті кәсіпкерлер мұрындық болыпты.

90-жылдардан бері бос тұрған баспаналар қалай өзгеріп жатыр?

Алыстан сырты бүтін, ішін тұрғындар жайлаған бес қабатты баспана сияқты көрінеді. Ал жақыннан қарасаң безендірілген бос ғимарат. Жітіқара қаласында иелері тастап кеткен үйлер осылайша түрленіп жатыр.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Кезінде бұл үйдің 119 пәтері болған, ал қазір барлық кіреберістері осындай кірпішпен бітелген. Терезелері болса, арнайы шифермен қапталған. Сырт көзге қарағанда кәнігі пластик сияқты. Шынтуайтында олай емес. Жалпы қала бойынша «иесіз баспаналар» мәселесі дереу түрде шешімін таппаса, онда осындай «жасырын үйлер» саны одан ары ұлғаюы мүмкін.

Кезінде үйдің ауласы күл-қоқысқа толып, аяқ алып жүру мүмкін емес еді. Қаңғыбастар мен маскүнемдердің мекені болатын. Енді эстетикалық сипатта түрленген үйлер бұрынғыдай тұрғындардың үрейін ұшырмайды.

Жанар Бейсембаева, Жітіқара қаласының тұрғыны:

- Осы маңайдан күнделікті жүріп тұрамын. Ашық-шашық болғанда әсіресе түнде өткенде қорқатынбыз. Енді бәрі жабық, қауіпсіз.

 Рәзия Наурызбаева, жітіқара қаласының тұрғыны:

- Балаларымыз үшін алаңдайтынбыз. Олар осы аулада жиі ойнап жүреді. Қазір осы үйді көріп көзіміз қуанып отыр.

Қала бойынша барлығы 8 үй бос тұр. Коммуникациялық желілері болмағанымен, жағдайлары апатты емес. Жергілікті биліктің оларды не сатып, не бұзып алуға құқығы жоқ. Себебі кейбір пәтерлердің заңды иелері бар.

Асылхан Хәкімов, жітіқара ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Қожайындары шетелге, еліміздің өзге қалаларына көшіп кеткен. Олар заң жүзінде үйден бас тартса, ғимараттар толығымен коммуналдық меншікке өтеді. Қазір сот процестері жүріп жатыр.

Бүгінде қараусыз 80 пәтерлі бес қабатты үй мемлекеттің қарамағына өткен. Оны қалпына келтіруге 400 млн теңге қажет. Егер облыстық бюджеттен қаражат бөлінсе, пәтерлер баспана кезегінде тұрғандарға беріледі. Қазір аудан бойынша бір мыңға жуық адам тұрғын үйге зәру.                           

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы