389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте «е-Сommerce» орталығы ашылды

  • 526
  • UPD: 21:45, 15.04.2019

Шымкентте «Қазпошта» АҚ және «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» бірігіп, алғашқы «e-Commerce» орталығын ашты.

Кәсіпкерлерге қолдау көрсетуші бұл нысанның елімізде осымен 4-қалада тұсауы кесіліп отыр. Шымкентте ашылған «e-Commerce» орталығында кәсіпкерлер тек кеңестер алып қана қоймай, сонымен қатар Қазақстан және Өзбекстан бойынша тауарларды жеткізу жөнінде шығындарын өтей алады. 

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов және «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов кәсіпкерлерге арналған «e-Commerce» орталығын салтанатты түрде ашты. Өткен жылы елімізде электрондық саудада өсім байқалған. Яғни нарық 300 млрд. теңгеге дейін өсіпті. Ал Қазақстан бойынша жеткізілген сәлемдемелер көлемі шамамен 35,1 млн дананы құраған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 60%-ға артық. Ал ғаламтор арқылы тауар сатып алушылардың жалпы көлемі өткен жылы 2,3 миллион адамға жеткен. Сондықтан бұл салаға сұраныс бар дейді «Қазпошта» өкілдері.

Бек Арпабаев, «Қазпошта» АҚ департамент директоры:

- Кәсіпкерлер біздің орталыққа келіп, өз тауарларын сатуға мүмкіншілік жасайтын бір құрал ол интернет сайтымыз. Оған көмектесеміз жасауға. Сол интернет арқылы өз тауарларын дүниежүзілік маркет плейстте сата алады. Жеткізу логистикасының барлығын қамтамасыз етеміз.

Бүгінде дүние жүзінің 60%-ның көбі электрондық саудаға көшкен. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш еселене түспек. Ал елімізде электрондық коммерция саласына 1700 кәсіпкер тартылыпты. Биыл бұл межені көбейту үшін Қазпошта белсенді жұмыс атқарып жатыр. Мәселен «E-Commerce» орталығына алғашқылардың бірі болып келген кәсіпкер Манзура Әлімжанова мұндай алаң кәсібін дөңгелетемін дегендерге таптырмайтын орын дейді. Ол бүгін тіпті «Интернет-дүкен: ашу жолдары мен оны жылжыту құралдары» атты семинардан сабақ алыпты.

Манзура Әлімжанова, кәсіпкер:

- «e-Commerce-тің» маған ұнаған тұсы орталықтың қызметін жан-жақты пайдалануға болады. Енді осы арқылы өз тауарларымның сатылым көлемін ұлғайтатын боламын. Сосын бұл орталық арнайы сайтты жасауға оны жолға қоюға көмектеседі екен. Кәсібін жаңадан бастағандарға бұл қажет дер едім.

Шымкенттегі «e-Commerce» орталығы клиенттер үшін қолайлы. Мұнда жеке орын, келіссөздер үшін арнайы зал, клиенттерге қоңырау шалу арқылы интернет-дүкендерге қызмет көрсететін call-орталығы, тауарларды төлеу, қайтару, жеткізу жөнінде кеңестер және басқа қызметтер көрсетіледі. Орталық мамандары «KBT Group» және «Bitrix» серіктестерімен бірлесе отырып, электрондық сауда дағдыларын үйретеді. Тағы бір айта кететін жайт - Шымкент кәсіпорны бұл саланы дамыту мақсатында екоммерц орталығына жалгерлік бөлімдерді тегін беріп отыр.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы