389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы 11 ауылдың ауыз су мәселесі шешіледі

  • 636
  • UPD: 21:44, 15.04.2019

Шығыс Қазақстан облысындағы шалғай ауылдар таза ауыз сумен қамтылып жатыр.

Көкпекті ауданында биыл ауқымды жобалар қолға алынып, 11 ауылда түйткілдің түйінін тарқату үшін республикалық бюджеттен 10 миллиард теңгеден артық қаражат бөлінген. 

3 жылдық кешенді бағдарламаға сәйкес келесі жылы тағы 13 ауылға жаңадан сапалы су жүйесін тарту көзделген. Осылайша ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту жоспарланып отыр.

Теректі ауылында тұратын Шаймардановтар әулеті үшін бүгін қуанышты күн. Кішігірім той десе де болады. Бұрын құдықтан тұзды су үшіп келген тұрғындар сапалы ауызсуға қол жеткізіп, ризашылықтарын білдіруде.

Лұтфолла Шаймарданов, Теректі ауылының тұрғыны:

- Су деген әрбір жақсылықтың белгісі ғой ол, су барлық адамзаттың тіршілігі. Міне әрбір үйге 100 пайыз су кіргізіп берді. Ауылымызда осындай игі істер бола берсін, жақсылықтар көп болсын! Еліміз, мемлекетіміз өркендей берсін!

Хабиба Мұхамедсадыққызы, Теректі ауылының тұрғыны:

- Бұрын шәй ішкенде шәугіміміздің бәріне қақ тұрып, тұз тұрып қалатын. Қазір бәрі таза, ешқандай ондай жоқ. Перзентханадан қуанышты хабар келді, үлкен келінім егіз сәби әкеліп жатыр. Қуаныштың үстіне қуаныш қосылып жатыр, бұйырса жаялықты жусақ та бәрі жеңіл.

Теректіге сапалы ауызсу жүйесін тарту жобасы «Аймақтарды дамыту 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Жобаның жалпы сметалық құны 300 миллион теңгеден асады. Мердігерлер ауыл ішінде 8 шақырымға жуық құбырлар тартып, қазір әр үйге тіршілік нәрі жеткізілді. Көлемі 100 текше метр болатын 2 қойма мен су сорғылары қалыпты жұмыс істеп тұр.

Асхат Смаилов, Көкпекті ауданының әкімі:

- Былтыр біз үнемделген қаржыдан 9 ауылға су тарту мәселесіне жобалық құжаттар жасаған болатынбыз. Биыл республикалық бюджеттен 9 ауылға ауызсу мәселесін шешуге 10 миллиард құрылысына ақшасы шешіліп тұр. Оған қосымша біз облыстық бюджеттен тағы да 2 шағын ауылдың ауызсу мәселесін шешуге құрылысына ақша алып отырмыз. Биыл 11 ауылдың ауыз су мәселесі түбегейлі шешіледі, құрылыс басталады.

Ауданда елдімекендерді сапалы ауызсумен қамтуға байланысты 2021 жылға дейінгі 3 жылдық кешенді бағдарлама жасалған. Оған сәйкес келесі жылы тағы 13 ауылға таза су тарту жобасы жүзеге аспақшы. Яғни алдағы жылдары тіршілік нәрімен қамту көрсеткіші 24 проценттен 65 процентке артуы тиіс.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы