389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменнің іргесіндегі ауыл халқы қалаға қайықпен қатынап отыр

  • 452
  • UPD: 22:57, 15.04.2019

Өскеменнің шетінде тірлігі қайыққа қараған Басов қыстағы бар. Бұл жақтың тұрғындары қалаға жету үшін су электр станциясы маңындағы аялдамаға дейін 7-8 шақырымнан астам жолды жаяу жүрулері керек.

Сондықтан ауылдықтар алыс жолды жақындату мақсатында қайыққа отырып, Ертісті кесіп өтеді. Тіпті оқушылар да мектепке осылай амалдап барып келеді. 

Кезінде Басов есімді көпестің қыстағы болған бұл жер қазір үлкен ауылға айналған. Ертіс пен Аблакетка өзенінің жағасында 200-ден астам отбасы тұрады. Табиғаты тамаша. Мал ұстап, бақша егуге қолайлы. Тек ежелден қинап келе жатқан жалғыз мәселе - жол қатынасы. Шиеттей балалар таң ала кеуімде қайыққа отырып қалаға аттанады.

Артем Соколов,  оқушы:

- Күнде қайықпен барамын үйреніп алғам, тіпті жаңбыр жауса да қорықпаймын, тек бұршақ төпелеп қатты жел тұрғанда бойымды үрей билеп кетеді. 

Бұл жақта су көлігін кәсіп көзіне айналдырғандар көп. Ирина Соколова  Басов қыстағында 30 жылдан бері тұрады екен. Өзеннің арғы-бергі бетіне ауылдастарын ақылы түрде тасымалдайды. Қайығы бос қайтқан кезі жоқ екен. Дегенмен ең басты жолаушылары өзінің 5 жиеншары.

Ирина Соколова, басов қыстағының тұрғыны:

- Менің ағамның 5 баласы бар,ең кішісі бар болғаны 1 жарым жаста.Үлкендерін күн сайын мектепе тасу керек. Одан басқа жол жоқ.

Жол талғамайтын көлігі барлар Басов қыстағына 13 шақырымнан астам айналма жолды өткеріп жетеді. Полиция және жедел жәрдем көлігінің жүруіне ғана рұқсат етілген мына Аблакетка өзені арқылы өтетін көпірдің өзін көктемгі тасқын тас-талқан еткен. Енді айы күні жетіп отырған Оксана сияқты әйелдер ауруханаға өз күштерімен жетуге мәжбүр.

Оксана Джунусова,  Басов қыстағының тұрғыны:

- Енді қайықпен өтуге тура келеді,басқа не істей аламын. Оның үстіне бірінші рет емес,алдыңғы баламда толғақ қысқан кезде де қалаға дейін қайықпен жеткен едім.

Билік шағын көпірдің бүлінгенінен хабардар екен. «Қазір коммуналдық мекемелер оны жөндеумен айналысып жатыр. 1 ай ішінде темір өткелді қалпына келтіреміз» деп уәде етті.

Әлібек Тұрсымбетов, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Жөндеу жұмысы талай жыл жасалынбаған оған,қараусыз қалған ғой, биыл енді толық жасаймыз, келесі жылы шаймайтындай етіп.

Мал азығы мен отын жеткізу  де оңай шаруа емес дейді тұрғындар. Көпшілігі бұндай қиындыққа төзбей көшіп кетіп жатыр. Сатуға қойылған үйлер өтпей тұр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы