378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркі жұртының түп қазығы саналатын Түркістанда қандай базарлар болған?

  • 81
  • UPD: 11:55, 16.04.2019

Түркі жұртының түп қазығы саналатын Түркістан шаһарында қандай базарлар болған?

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан киелі мекендегі көне базар қалай аталған? Сан қилы тағдырларды тоғыстырған сауда ордасындағы бүгінгі базарлардың жай-күйі қандай?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Төрт қақпалы Түркістан - тоғыз жолдың торабында орналасқан көне шаһар. Орта ғасырларда қала қайнаған сауда-саттық ордасына айналған. Мұнда Таки, Шарсу және Шим деп аталатын шығыстық үлгідегі базарлар жұмыс істеген. Тарихшылардың айтуынша, Ұлы Жібек жолының бойындағы қалаға жылына мыңдаған сауда керуендері келіп, кетіп жатқан.  Біз алдымен қала ішіндегі көше базарына тоқталсақ. Орта ғасырларда, одан кейінігі Қазақ хандығы дәуірде, тіпті кешегі XIX ғасырда да қала көшелерінің барлығы базар ретінде пайдаланылған. Жолдың ені 5 метр болса, екі жағындағы үйлердің алдында бастырма болған. Соның астында сауа орындары мен шайханалар, шаштараздар мен шеберханалар жұмыс істеп, саудагерлер сауданың көрігін қыздырған. Шаһарда негізгі базар үшеу болған.

Марат Тұяқбаев, тарихшы-археолог:

- Таки деген базар болған, ол керуен сарай сияқты. Күмбезді керуен сарайы да, базары да ішінде. Өте үлкен. Одан кейінгі бараздың түрі Ким деген базар. Оның айналасы ашық, көкөніс сатуға арналған. Күмбезді болады. Ким мен Шарсу базары бір-біріне өте ұқсас келеді. Міне, осындай 3 түрлі базар түрі бар.

Түркістан Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан, мұнда дүниенің түкпір-түкпірінен керуендер келген. Оған киелі шаһардағы көне Күлтөбе, Яссы шаһарларына жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған ескі бұйымдар мен көне жәдігерлер дәлел

Марат Тұяқбаев, тарихшы-археолог:

Қазба жұмыстарын жүргізген кезде жиналған ыдысаяқтар көп. Солардың ішінде мысалы Пәкістан, Түркияның ыдыс-аяқтары көп. Қытайдың фарфоры, байалысы да, қоладан жасаған айналары барлығы кездесті. Үндістанның керамикасынан аздап кездеседі, өте майда. Ал Ресейдің керамикасы бүтін күйінде көп кездеседі.

Одан кейінгі замандарда да Түркістанда сауда-саттық дамып, базарлар салынды. Соның бірі - 58 жылдық тарихы бар орталық базар. Қазір ол  қаланың қақ ортасында қалып қойғандықтан, сыртқа көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Гүлжамал Даханова, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Қаланың сыртынан 3 бағытта жер бөлінді. Қазіргі базар басшыларына тең көлемде таңдалған жерлерге ары қарай ұсынылған эскиздер бойынша заманауи форматтағы базарлар салынатын болады. Қала ішіндегі автобустар мен сырттан келетін көліктердің бәрі базар маңымен жүретін болады.

Қазір шаһар билігі базар маңындағы заңсыз сауда орындарының бәрін қала шетіндегі сауда нысандарына көшіріп жатыр. «Онда саудагерлер үшін барлық мүмкіндігі қарастырылған 1700 сауда нүктесі бар», - дейді жауаптылар. Енді қала көшелеріндегі кептелісті азайту мәселесі қарастырылып жатыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.

Хабар 24 телеарнасы