389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бабалар ізімен» экспедициясы Грузияда қыпшақтар жайлы бағдарлама дайындауға ұсыныс жасады

  • 1294
  • UPD: 18:07, 16.04.2019

«Бабалар ізімен» тарихи-ғылыми экспедициясы араға аз-кем уақыт салып, Грузияға тағы да ат басын бұрды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі бұл мемлекетпен тарихи байланысымызды айғақтайтын тың дерек көп. Бұл жолғы сапардың маңызы да ерекше. Экспедиция мүшелерін ел президенті қабылдап, жергілікті ғалымдармен де кездесу өтті.

«Бабалар ізімен» экспедициясының Грузияға жасаған сапары сәтті болды деуге толық негіз бар. Өйткені экспедиция мүшелерін ел президенті Саломе Зурабишвили қабылдады. Кездесу барысында Грузия тарихында алтын әріптермен жазылған Дидгор шайқасы жайында сөз қозғалды. Қолдау болса сол шайқас болған жерде екі мемлекетке ортақ кешен салу мәселесі талқыланды. Экспедиция жетекшісі Сапар Ысқақов Грузия жерінде қыпшақтардан қалған тарихи жәдігерлерді қорғау мәселесін көтеріп, оларды сақтап қалу үшін екі мемлекеттің үкіметтік деңгейде ынтымақтастық орнатуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ президент Саломе Зурабишвилиге 12 ғасырда қыпшақтар қолданған қобыздың көшірме нұсқасын сыйға тартты. Бұдан бөлек, жергілікті медиахолдинг басшылығы қыпшақтардың мәдениеті мен тарихы жайлы бірлескен телебағдарлама дайындауға ұсыныс жасады.

Бадрин Ачкабель, TB24 медиахолдингі төрағасының орынбасары:

– Грузин халқы үшін қыпшақтардың орны ерекше. Өйткені Дидгор шайқасында жеңіске жетуімізге қыпшақ жауынгерлерінің қосқан үлесі көп. Жыл сайын осы жеңіс күнін ерекше атап өтеміз. Дегенмен бүгінгі өскелең ұрпақ қыпшақтардың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін жете білмейді. Оны жергілікті халыққа кеңінен насихаттау үшін қазақстандық тараппен бірігіп, фильмдер циклін түсіру туралы ұсыныс жасадым. Егер ол жақтан қолдау болса, түсірілім шығындарының тең жартысын көтеруге және эфирден шығаруға дайынбыз.

Сондай-ақ экспедиция мүшелері Грузия ұлттық ғылым академиясында ұйымдастырылыған ғылыми конференцияға қатысып, жергілікті мамндамен кеңес өткізді. Мәліметтерге қарағанда 1118-19 жылдары Грузияға 40 мың қыпшақ отбасы келген. Олардан шыққан сарбаздар жергілікті қамалдарды жаудан қорғауда ерекше атсалысқан. Кейін басшылық қызметтер атқаран.

Ройл Метровели, Грузияның ұлттық ғылым академиясвның виңе-президені:

– Тарихи деректерге қарағанда жауға тойтарыс беріп, ішкі және сыртқы тыныштықты сақтауда, саяси-экономикалық шешімдер қабылдауда қыпшақтардың ықпалы зор болған. Кейбірі жергілікті халыққа сіңісіп, христиан днін қабылдады. Кейбірі кері қайтты. Тамара патшайымның тұсында басшылық қызметте атқарғандардың көбі қыпшақ болғаны туралы жазба деректер бар. Соның бірі – Қубасар. Ол бүкіл Грузия әскерінің қолбасшысы болған.

Қыпшақтардың билікте болғанын айқындайтын тағы бір тұлға Құтлы Арсылан. Ол туралы деректер грузин жазушысы Шота Руставилидің «барыс терісін жамылған батыр» шығармасында кездеседі.

Важа Шубитидзе, тарих ғылымдарының докторы:

– Шота Русавилидің 12 ғасырда жазған шығармасындағы негізгі кейіпкер Құтлы Арсылан болуы мүмкін деген болжам бар. Өйткені ол Тамара патшайымның ең сенімді жақын адамы болған. Сондықтан мемлекеттің қаржы саласын сеніп тапсырған. Бірақ оның грузин емес қыпшақ екенін барлығы біледі. Ол кезде қыпшақтар мен грузиндердің қарым-қатынасы өте жоғары деңгейде болған.

«Бабалар ізімен» экспедицисының Грузиядағы сапары әлі жалғасады. Бағыт – Ахалцике қаласы. Бұл шаһар 13-16 ғасыр аралығында Атабек қыпшақ-түрік мемлекетінің астанасы болған.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Самат Бекбатыров

Хабар 24 телеарнасы