384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысындағы қарттар үйі қызметкерлерінің былығы ашылды

  • 735
  • UPD: 21:05, 16.04.2019

Павлодар облысы қарттар үйінің қызметкерлері қариялардың зейнетақысы мен жәрдемақысынан ұсталатын күтім ақысын астыртын қолданып келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл алаяқтық әрекет қарттар дүниеден озғаннан кейін белгілі болған. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жергілікті департамент өкілдері жалғыз бұл емес, өзге де құқық бұзушылықтарды әшкере етіп, бірқатар былықтың бетін ашты.

Павлодардағы қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 300-ге жуық тұрғын бар. Өткен жылы 40-тан астам қарияның өмірден озғанына қарамастан, оларға  зейнетақы жазылып, жәрдемақы тағайындалған. Яғни марқұмдардың шотына қаражат аударылып, тұрғындардың күтіміне арналған қосалқы ақы заңсыз қолданылып келген.

Гүлжанат Саматқызы, әлеуметтік қызметкер:

– Алдыңғы тексеріс бойынша анықталған 38 адам анықталды, 16 нақты дәлелденді. Ал 184 мың теңге шығынды кінәлілер қайтарады. Бұл бірінші кезекте мамандардың салғырт не үстіртін қарауынан болуы мүмкін. Әр қабатта әлеуметтік жұмыс өз қызметін атқарады. Олар жалпы тізімін береді, сонымен қатар қабатта гигиеналық жабдықтарды беретін шаруашылық бар.

Сонымен қатар қарттар үйі мекемесінің жетекшілігіне 1 жыл бұрын тағайындалған Нығмат Көбеновтың 2001-жылы істі  болғаны анықталды. Сыбайлас жемқорлық бойынша жауапқа тартылған басшы жұмысынан босатылып, ағаттыққа жол берген қызметкерлер қатаң сөгіс алған екен.  Бұл туралы өңірдің сыйбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Нұржан Толыбаев хабарлады.

Нұржан Толыбеков, облыстық сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы:

– Атап айтатын болсақ, облысымыздың қарттар үйінде қамқоршылықта болған тұлғалардың қайтыс болған күндерінен бастап, 3 ай уақыт мерзімінде сол қаза болған адамдардың зейнетақы карточкаларының пайдалану мүмкіндіктері болды. Және өздеріне қатысты алтын бұйымдардың жою тәртібі қарастырылмағаны бәрі жемқорлық тәуекелдері болып саналады.

Сондай-ақ облыста жүзеге асып жатқан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы да сөз жүзінде ғана орындалып келген. Мәселен, Ақсу қаласында және Ертіс ауданында халықты әлеуметтік жұмыс орындарына жалған орналастыру фактісі тіркелген. Яғни екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтар өздерінің жұмысты болғанынан да хабары болмаған. Сонымен қатар кейбір мемлекеттік қызметшілер әлеуметтік жұмысқа бағытталған ақшаны қалталарына басқаны жөніндегі деректің беті ашылды. Алайда жергілікті жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Хелуа Кәшкенова толық тексеру жұмыстары жүргізілгеннен кейін ғана мәселенің байыбына бара аламыз дейді.

Хелуа Кәшкенова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Барлық құжат заңды түрде ресімделген. Мәселен, ауыл әкімдерінің бірі ақшаны жалған құжатпен алып келгенін мойындады. Бүгінде барлық жайт бойынша ішкі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселенің жай-жапсарын ведомство басшылығы анықтап жатыр. Қызығы сол, кейбір қызметкерлердің әлеуметтік салада заң аясында жұмыс атқарғанын растайтын құжаттары бар болып шықты.

Сәуір айының басында мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жергілікті департаменті әлеуметтік қызмет саласында сыртқы талдау жұмыстарын жүргізді. Бүгінде барлық анықталған олқылықтар мен заң бұзушылықтар қатаң бақылауға алынып, материалдар ведомство қарауына жолданды. Айта кетейік, өткен жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 2 мыңнан астам павлодарлық қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, оның 82 проценті екі қолға бір күрек тапты.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Самат Оспанов

Хабар 24 телеарнасы