377.73 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық бағбандар табиғаттың тосын мінезіне алаңдап отыр

  • 101
  • UPD: 21:06, 16.04.2019

Соңғы бірнеше күн ішінде Ертіс өңірі қарға оранып, күн күрт суытты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Табиғаттың тосын мінезіне жергілікті бағбандар алаңдаулы. Өйткені бау-бақшаларында бүршік жарған жеміс-жидек ағаштары зардап шегуі мүмкін. Ал жердің ебін тапқан диқандар үшін құнарлы топырақтың ылғалдығын ұзақ мерзімге сақтап қалуға зор мүмкіндік туып отыр.

Бұл саяжай шаруашылығында төрт мыңнан астам учаске бар. Жеміс-жидек пен көкөніс өсірумен айналысатын бағбандар ағаш бұталарын осылай қымтап әлек.

Тоқсанды алқымдаған Зоя Давыдова Павлодар қаласының бас көгалдандырушысы болған. Бұл іске ғұмырының жетпіс жылын арнаған. Табиғаттың тосын мінезін әбден жаттап алған агрономнан қазір ақыл сұраушылар көп.

Зоя Давыдова, агроном:

– Ерте жетілетін жидектердің гүлді бүршіктерін үсік шалды. Өнім алуымыз екіталай, әрине. Сондықтан кеш пісетін өсімдіктерді сақтап қалуымыз керек. Ол үшін ағаштарды арнайы препараттармен өңдеу қажет.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Сала мамандарының айтуынша, дәл осындай табиғи құбылыс 35 жыл бұрын тіркелген. Ол кез көктемнің сәуірі емес, жаздың маусым айы болатын. Ауа температурасы 8 градусқа төмендеп, Павлодар қаласындағы саяжайлардағы жеміс ағаштары үсіп қалған. Сол сәттен бері жергілікті агрономдар солтүстік өңірдің өзгермелі климатына бейміделген жеміс-жидектердің сұрыптарын өсіре бастаған.

Биыл диқандар қар тоқтату жұмыстарын ерте аяқтаған. Сондықтан сәуірде жауған жауын-шашын бұл шаруалар үшін қолайлы. Өйткені топырақ құнарланады, яғни өнім мол болады деген үміт басым.

Есентай Мүрсәлімов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Қыста қар тым аз түсті. Сәуірдің басында астық алқаптары құрғап қалған. Бүгінде шаруалар көктемгі дала жұмыстарына кірісіп үлгерді. Әзірге 30 гектарға сәбіз бен 30 мың гектар жерге көкпжылғы шөп егілді. Десе де, күннің суытуы кері әсерін тигізген жоқ.

Өңір диқандары биылғы науқанда 1 млн 300 гектардан астам жерге тұқым сеппек. Майлы дақылдар мен картоп алқаптарының көлемі айтарлықтай артқан. Осы жылы 10 шаруашылық алғаш рет қант қызылшасының сұрыптарын екпекші. 

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы