377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлдықтар қаланың басты саябағын абаттандырған мердігер ұйымды сотқа бермек

  • 90
  • UPD: 21:06, 16.04.2019

Петропавлдық қоғам белсенділері қаланың басты саябағын абаттандырған мердігер ұйымды сотқа бермек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қоғамдық бақылау тобының мүшелері құрылыс жұмыстары сапасыз жүргізілген дейді. Биыл демалыс орнының төсеніш тастары қайтадан қопарылып қалды.

Бұл – Тұңғыш Президент саябағы. Демалыс орны 2017 жылы абаттандырылған еді. Бірақ бүгінгі жағдайы көңіл көншітпейді. Төсеніш тастар аяқ астында былқылдап, қопарылып жатыр.

Бұл туралы қоғам белсендісі Руслан Асаубаев зерттеу жүргізді. Ол былтыр саябақтың бүлінген жерлерін суретке түсіріп, қалалық әкімдікке хат жазды. Енді сотқа беремін деп отыр.

Руслан Асаубаев, арнайы мониторинг тобының мүшесі:

– Саябақты абаттандыру үшін 400 млн теңгеден астам ақша бөлінді. Бұл жұмысты қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы бөлімі қабылдаған. Енді олар шара қолданбаса, құзырлы органдарға шағым түсіреміз. Сотқа да береміз.

Былтыр мердігер ұйым бүлінген тастарды қалпына келтірген еді. Тұрғындардың айтуынша, олар әу баста сапасыз салынған. Соның салдары, жағдай биыл да қайталанып отыр.

Хайырболат Шияпов, қала тұрғыны:

– Тасты тез төседі. Сондықтан ол дұрыс жатпаған. Сондықтан бұзылып жатыр. Қайтадан төсеу керек.

Елдің сөзін қалалық әкімдікке мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің қызметкерлері де жеткізді. Биыл тағы да хат жазу керек.

Серік Айдарбеков, ҚР МҚІСЖҚІҚА облыстық департаментінің басқарма басшысы:

– Біз әкімдікке өзіміздің хатымызды жолдаймыз. Себебі кепілдік бойынша уақыт өтіп жатыр. Егер осы саябақты салған ұйымдар осы жылда жұмыстарды жасамаса, кепілдік келесі жылда жұмыс істемейді.

Бұл жұмысты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері қабылдаған. Енді құрылысшыларға көңілдері толмай отыр.

Әсем Айтолова, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Саябақта төселген тастар бұзылған. Қазіргі таңда кепілдеме сәйкес мердігер компания бұзылған жерлерді қайта қалпына келтіретін болады.

Әзірге мұнда ешкім де жұмыс істеп жатқан жоқ. Басты алаңды тек коммуналшылар судан тазартып, тастарды орнына қойып кетті.

Бұзылған тастар қайтадан салынуын салынар. Бірақ келесі көктемде тағы да бүлінсе, оны ешкім де қалпына келтірмейді. Өйткені кепілдік мерзімі биыл аяқталады. Онда қайтадан бюджеттен қаржы бөлу керек.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы