379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы көп қабатты үйлердің бірінде жылу бағасы 30% қымбаттамақ

  • 91
  • UPD: 21:39, 16.04.2019

Елордадағы көп қабатты үйлердің бірінде келер айдан бастап жылу бағасы бірден 30 процентке қымбаттайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған наразы тұрғындар арнамызға хабарласып шағымданды.

Сыртына қарасан көркі көз тартарлық зәулім үй. Ауласы таза, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы. Бірақ орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған. Үйді тұрғызған компания өз қаржысына 4 қазандық салып, соның есебінен 3 жыл қатарынан пәтерлерді жылытып келген. Кеткен шығынның 30 процентін өз есебінен төлеп келіпті. Алайда келер айдан бастап субсидиялаудан бас тартып отыр. Бұл тұрғындардың қалтасын қағады.

Шолпан Жұматай, қала тұрғыны:

– Осы үйдің бұрынғы егесі үйдің құрылысына ақша құйған кезде салушы компания орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады деп сөз берген екен. Алайда әлі күнге дейін қосқан жоқ. Мен зейнеткермін. Сондықтан жылу бағасын қымбаттатуға қарсымын.

Тұрғындардың наразылығын үйді басқарушы компанияның директоры жақсы түсінеді. Бірақ осы уақытқа дейін салған мекеме жылу бағасын субсидиялау үшін 113 млн теңгеге шығындалыпты. Енді бас тартып отыр. Амал таусылған соң әкімдікке хат жаздық дейді.

Рауан Жанғалиев, басқарушы компанияның директоры:

– Қалалық қызмет көрсету мекемелері бізге орталықтандырылған жылу жүйесін тартуға немесе кеткен шығынның бір бөлігін субсидиялауға мүмкіндігіміз жоқ деп жауап қатты. Біз қазір газдың бір тоннасын 95 мың теңгеге сатып аламыз. Яғни әрбір литрге 68 теңге төлейміз. Ең арзан бағадағы жеткізушімен жұмыс істейміз.Сонын өзінде әрбір шаршы метрге орта есеппен алғанда 205 теңгеден шығады. 

Елбасының тапсырмасына сай жыл басынан бері елімізде жылу бағасы арзандады. Мәселен, Қостанайда биыл жылудың тарифі 11,5 процентке төмендеді. Тұтынылған бір шаршы метрдің құны 185 теңге боп белгіленді. Ал заңды тұлғалар үшін баға өзгеріссіз қалды. 

Ақтөбеде де биыл жыл басынан бері жылу тарифі 3 мәрте төмендеді. Алайда бұған қарамастан коммуналдық кәсіпорын 220 шақырымға созылған құбыр жүйесін кезең-кезеңмен жаңғыртуда. 

Бауыржан Үмбетов, кәсіпорынның бөлім басшысы:

– 2019 жылдың басынан тариф 3 рет төмендеді. Бірінші рет 10 процентке түсті, екінші рет 5 процентке азайттық. Жақында 0,4 пайызға төмендеді. Себебі жылу энергия орталығы өз тарифін азайтып отыр. Жалпы алғанда биылдыққа 15 пайызға арзандады.

Еліміз бойынша жылу тарифі төмендегенімен, бас шаһардағы мына көп қабатты үйдің тұрғындары оның шарапатын көре алмай келеді. Бар тілегі – орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылу. Мәселенің мән-жайын сұрап қалалық әкімдікке хабарластық. Енді жауап күтіп отырмыз. Бастысы бұл мәселе біздің назарымыздан тыс қалмайды.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы