379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сайлау-2019: Белсенді жастар замандастарын дауыс беруге жауапкершілікпен қарауға шақырды

  • 98
  • UPD: 22:07, 17.04.2019

Ел аймақтарында Nur Otan партиясы облыстық филиалдарының кезектен тыс жиындары өтті. Басқосуда қоғамда талқыланып жатқан өзекті мәселелер де қаралды. Әсіресе, әлеуметтің әлсіз тобын қолдау жағына мән берілді. 

Павлодар облысында көп балалы және аз қамтылған отбасыларды жүйелі қолдау үшін 3 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат негізінен басында баспанасы жоқтардың мәселесін шешу үшін жұмсалмақ. Атап айтқанда, Ақсу қаласында жаңа көп пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бюджет есебінен 102 отбасы баспаналы болмақ. Партия жиынында жарияланған жағымды жаңалықтың бірі осы. Сондай-ақ конференцияда алдағы президенттік сайлау жайы да сөз болды. 

Берікбол Хамза, Май ауданы Zhas Otan жастар қанатының төрағасы:

- Бүгінгі Nur Otan кезектен тыс съезінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеген 9 маусымдағы кезектен тыс сайлау туралы болмақшы. Осы сайлау біздің еліміз үшін жасалған үлкен қадам деп білеміз. Және біз жастар осы сайлауға қатысамыз және Май ауданының жастары және де бүкіл Павлодар облысының жастары осы сайлау біз дайынбыз. Бұл сайлау әлеуметтік жағынан да және басқа да салалардың дамуына үлкен үлес және серпін береді деп ойлаймын.

Nur Otan партиясының 19-шы съезіне Шығыс Қазақстан облысынан 49 делегат қатысады. Олардың арасында жастар ісі, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда еңбек етіп жүрген азаматтар бар. Бұдан бөлек, конференцияда «Құтты мекен», «Ауыл - ел бесігі», «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек» сияқты партияның жобалары талқыланды. Мәселен, соңғы жобаның аясында ашылған бірыңғай әлеуметтік терезелердің игілігін 3 мыңнан астам адам көріпті.   

Әнуарбек Мұхтарханов, Nur Otan партиясы ШҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

- Бірыңғай әлеуметтік терезе,  аты айтып тұрғандай, тұрғындарға қолайлылық үшін жасалған жоба. Азаматтар  қай салаға байланысты  сұрақпен келсе де, бір жерден жауап алып, сол жерде ол мәселенің шешім табуына мүмкіндік  жасалады. Яғни, әр кабинетке жүгіріп, сабылмайды.

Шымкент қаласындағы жиында да әлеуметтің әлсіз тобын қолдау мәселесі көтерілді. Мұнда жыл соңына  дейін әлеуметтік жағдайы қиын 342 отбасы мен көп балалы аналар  баспанаға қол жеткізеді. Осыған орай Nur Otan партиясы қолға алған «Құтты мекен» жобасы аясында  қазір шаһарда 132  көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы  жүріп жатыр. Оның 540 пәтері алдағы мамыр айында баспана кезегін күткен отбасыларға беріледі. Бұдан бөлек, әлеуметтік жобалардың жүзеге асу барысы да баяндалды. 

Бахадыр Нарымбетов, Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

- Халықтың біздің партияға деген сенімін әлеуметтік терезе арқылы да білуге болады. Бір ай көлемінде 1 мың 800-ден астам азаматты қабылдады. Осы бастаманы әкімдікке ұсыныс  ретінде беріп, қазір Шымкент қаласының 4 ауданында 4 көп балалы аналарға қызмет көрсету орталықтары ашылды.

Сыр өңірінің жас ғалымдары тарихты тереңірек танып, құнды мұраларды насихаттауды жаңғырту қажет деп есептейді. «Ондағы мақсат -  ұлттық сананы жаңғыртуға үлес қосу», - дейді олар. «Осы бағыттағы ұстаным-тұжырымдарды саралап, төл тарихымызды тереңнен тану ел дамуы үшін аса маңызды» деген пікір айтты Сыр жастары. Ал конференция соңында университет жастары мен профессорлық-оқытушылар құрамы алдағы сайлауға қолдау білдірді.

Айтжан Оразбақов, Қорқыт ата атындағы ҚМУ кафедра меңгерушісі:

- Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда үлкен науқан, сайлау науқаны басталайын деп жатыр. Осы орайда тарихымыздың беттерін ашып, жастарымызды оқытып, бағыт-бағдар беруіміз керек. Жаңа Қазақстанның президентін сайлауға ең көп үлесін қосатын осы жастар. Сондықтан осы жастарды тарихты зерттеуге көбірек тартуымыз керек.

Жамбылдық жастар да алдағы саяси науқанға тас-түйін дайын. Тараз қаласында өткен «Еркін пікір» диалог алаңында белсенді жастар өз замандастарын дауыс беру мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Дәурен Мамыш, студент:

- Бұл тарихи сәт, мен үшін тарихи сәт, себебі мен бұл кезекті сайлауға алғаш рет қатысайын деп жатырмын. Ел ертеңі жастардың қолында себебі,  осы жастар мемлекетті дамытатын да көркейтетін осы біз жастар, егер біз осыны жақсы қолға алсақ, онда мемлекетіміздің көркеюіне біздің үлесіміз көп.

Ал Маңғыстау облысында елімізде баламасы жоқ әлеуметтік жобалар жүзеге асып жатыр. Соның бірі - «Бизнес 3 күнде» бастамасы. Аталған жоба шығынын кәсіпкерлер көтеруде. Қайырымды азаматтар жыл басынан бері аз қамтылған көп балалы 100 отбасыға қол ұшын созды.

Батырбек Ибрашев, облыстық әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда облысымызда тұратын 23 042 көп балалы отбасыға ағымдағы жылды кем дегенде 1335 отбасыға атаулы көмекпен қамтылады деп күтілуде. Бұл 100 мың теңге мөлшердегі қосымша көмек қазір көмек алып отырған 545 көп балалы отбасыға осы айда автоматты түрде төленетін болады. Бұл, көп балалы аналарлы қоғамдық көліктерде тегін тасымалдау. Мысалы, Ақтау мен Мұнайлы ауданында бұл шара 1 сәуірден бастап іске асып жатыр. Қалған аудандарда 1 тамыздан бастап жүзеге асады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, биылдан бастап аз қамтылған отбасының мүгедек баласы үшін 2-ші оңалту курсын жергілікті бюджет көтеретін болды. Олар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына ұшақпен тегін барып-келе алады. Қоғамдық көлікте тегін жүруінен бөлек 100 мың теңгеден біржолғы көмектің берілуі де көп балалы аналарды қуантып отыр.

Хабар 24 телеарнасы