377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында мемлекеттік қызметші бір отбасын өрттен құтқарды

  • 95
  • UPD: 22:21, 17.04.2019

Қостанай облысындағы мемлекеттік қызметші бүтіндей бір отбасын өрттен сақтап қалды. Лисаков қалалық әкімдігінің қызметкері өмірін қатерге тігіп жалындаған пәтерден 4 бала мен 3 ересек кісіні сыртқа шығарған. 

Осыдан бір ай бұрын Лисаков қаласындағы пәтерлердің бірінде ірі өрт болып екі адам қаза тапқан. Сол күні Нығмар Ердәулетов кешқұрым серуенге шықпағанда, тілсіз жаудан зардап шеккендер саны бұдан да көп болуы мүмкін еді. Бұрынғы өрт сөндіруші бір сәтке ойланбастан адамдарды  құтқаруға ұмтылған.  

Нығмар Ердәулетов, Лисаков қаласының тұрғыны:

- Үйге оралғанда ауладағы өрт сөндіру көлігін және төртінші қабаттағы терезенің түтіндеп жатқанын байқадым. Адамдар көмек сұрап жатты. Мені үшиінді сатымен үшінші қабатқа көтерді. Содан қосымша саты арқылы төртінші қабаттағы балконнан адамдарды белбеулеп, кезекпен түсіре бастадым. Ал төменде оларды полицейлер мен жедел жәрдем қызметкерлері қабылдап алды.

Нығмар осылайша 7 адамды төменге түсірді. Бүгін ол ажалдан аман алып қалған Ольховиковтер жанұясының хал-жағдайын сұрап келді. 9 жасар Света өз құтқарушысын бірден таныды. Бұл баспанаға өрт көрші пәтерден тараған. Үйдегі күйіктің иісі де кетпеген. Терезе, киім-кешек, жиһаз бен тұрмыстық техникалар түгел жанып кеткен.

Ирина Ольховикова, Лисаков қаласының тұрғыны:

- Үйіміздің өртеніп жатқанын бірден сезген жоқпыз. Басқа бөлмеде қыздарыммен үй тапсырмасын орындап жаттық. Бір кезде олар үйдің қабырғасы опырып жатыр деп айқайлап жіберді. Орнымыздан тұра сала жүгіріп есікті ашсақ, подъезд қара түтінге айналған. Үйімізді бірден ыстық ауа жайлады.

Қазір отбасы шығынды есептеумен әлек. Кезең-кезеңімен үй мүлкін қалпына келтіріп жатыр. Ең бастысы, басымыз аман. Бейжайлық танытпаған құтқарушыларына алғыстан басқа айтары жоқ.

Ирина Ольховикова, Лисаков қаласының тұрғыны:

- Біз осы адамның арқасында аман қалдық. Сырттан көмек сұрағанымызда бәрі сасқалақтап, не істерін білмеді. Түтіннің иісінен тұншыға жаздадық.

«Менің орнымда басқа біреу болса да, дәл осылай істер еді», - дейді Нығмар. Ал қызметтегі әріптестері «Адал жүрек» төсбелгісімен марапаттауды жөн көріпті.

Салауат Мүксімов, ҚР МҚІСЖҚІА өңірлік басшысы:

- Бұл енді барлық мемлекеттік қызметшілерге, өскелең жастарға үлгі болатындай іс-әрекет. Біздің «Адал жүрек» деген номинациямыз бар, кеңсе жобасының, соны ұсынамыз және өздерімізден құттықтау, алғыс сөз айтқымыз келеді.

Ерлік танытқан Нығмар Ердәулетовті әріптестері республикалық дәрежедегі «Үздік мемлекеттік қызметші» байқауына ұсынбақ.    

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы