378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандықтардың несиелік қарызы 6 трлн теңгеден асқан

  • 542
  • UPD: 11:23, 18.04.2019

Бірінші кредиттік бюроның деректеріне сәйкес елімізде 7 млн-ға жуық тұрғынның несиесі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни әрбір екінші азамат банктер мен несиелік ұйымдарға берешек. Ал олардың қарыз мөлшері 6 трлн теңгеден асып жығылады. Жалпы несие не үшін керек? Оларды дер кезінде қайтара алмаудың себебі неде?

Қуат жұмыстан қолы бос кезде нәпәқасын жолдан іздейді. Қала мен ауыл арасында адам тасиды. Оның екі банкке қарызы бар. Пәтерден пәтерге көшіп, әбігерге түскендіктен, үй салу үшін несие алыпты. Қазір соны өтеумен әлек. Бірінің пайызы өсіп кеткен.

Қуат Садықов, қала тұрғыны:

– Ақша жетпейді. Несиені төлеген соң, қалғанын газ бен жарыққа төлеймін. Жетпегендіктен, қалада адамдар тасимын.

Халықтың көбі кепілсіз берілетін несиені таңдайды. Олардың саны бір жылда 15 пайызға ұлғайған. Қазір жеке тұлғалардың 5 пайызы түрлі қаржы ұйымдарға, 3 пайызы онлайн-несие берушілерге жүгінеді.

Алмас Садуақас, тілші:

– Қазір қалада қарызға ақша беріп, несие рәсімдейтін осындай ұйымдар көп. Небәрі 15 минут ішінде олар құжаттарыңызды рәсімдеп, қолыңызға тиісті ақшаны ұстатады. Бәрі оңай әрі тез. Алайда қарыз күліп келіп, жылап қайтады деген сөзді ешқашан естен шығармаған абзал.

Бұдан бөлек, мүлкіңізді кепілге қойып, ақша алатын ұйымдар бар. Қазір онлайн несиелеумен елімізде 15 компания жұмыс істейді. Оның бірін таңдап, сайтында қажетті құжаттарды толтырсаңыз, ақша картаңызға түседі. Қарыз 10 мыңнан 200 мыңға дейін көбіне бір айға беріледі. Алайда пайыздық қайтарымы тым жоғары. Бүгінде несиесін уақытында төлей алмай, ісі сотқа жолданғандар қатары көбейіп барады. Осы уақытта олардың саны 1,5 млн-ға жеткен.

Әсем Нұрғалиева, бірінші кредиттік бюро басшысы:

– Біздің халық бірнеше несие алуды әдетке айналдырған. Бірақ кейінірек қиындыққа ұшырап, қарызын уақытында қайтара алмай жатады. Ондай жағдайда банктерден қашпау керек. Жағдайыңызды түсіндіріп, төлеу талабын жұмсартуды сұрау керек. Қазір ондай жүйе барлық банкте бар. Тіпті қарызды қайтару уақытын 6-9 айға дейін ұзартуға болады.

Халық несиені түрлі мақсатқа алады. Тұрмыстық қажеттілікке, зат пен техника сатып алу немесе жеке кәсібін ашу. Қаржы сарапшылары халыққа алдымен қаржылық сауаттылығын артыруға, несие туралы жан-жақты ақпаратпен танысуға кеңес береді. 

Вячеслав Додонов, қаржы сарапшысы:

– Экономикалық тұрғыдан еш негізделмеген несиелер бар. Олар көбіне көңіл күйдің қалауымен алынады. Яғни кейбір адамдар өзінің әлеуметтік беделін арттырғысы келеді. Ол үшін ақша керек. Сырт көзге ауқатты болып көрінгісі келеді. Қымбат дүниелер мен көлік алу үшін несие алады. Ондай жасандылықтан аулақ болғаны дұрыс.

Несие алушылар арасында түрлі адамдар кездеседі. Бірі ақшаға шын мұқтаж. Баға нарығындағы қымбатшылық қарыз алуға мәжбүрлейді. Ал қайсібіріне қол жетпес әшекей мен телефон керек. Тіпті несие алып той жасайтындар да бар. Сөйтіп жағдайын бағаламай, қарызға белшесінен батып жатады. Несиені жиі алатын аймақтар қатарында Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары, Қарағанды мен Түркістан облыстары көш бастап тұр.

Авторлары: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы