389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде ауыл шаруашылығын қаржыландыру көрсеткіші төмен

  • 571
  • UPD: 22:53, 18.04.2019

Ауыл шаруашылығына қаражат аз бөлініп жатыр. Нақтырақ айтқанда екінші деңгейлі банктер сала мамандарына несие беруге құлықсыз.

Қаржылық ұйымдардың ақшасын тек ірі шаруалар ғана кепілге мүлік қойып алуда. Ал, шағын қожалықтардың иелері банк қаражатына қол жеткізе алмай отыр. Өткір мәселе бүгін мәжілісте қаралды. Рет-ретімен Қорған Төреқожа баяндасын.

Ауыл шаруашылығы - экономиканың драйвері болуы тиіс еді. Алайда агросалаға қаржы аз бөлінеді елде. Айталық, көршілес Ресейде жыл сайын ішкі жалпы өнімнің 10, Белорусьте 18 проценті осы шаруашылыққа бағытталады. 

Ал бізде жұмсалатын қаражат небәрі 4 жарым пайыздың шамасында. Қаржылық ұйымдар да тауар өндірушілерге несие бергісі жоқ. Нақты айтатын болсақ...

Берік Оспанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Нақты айтатын болсақ қаржы институттары яғни екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығын қаржыландырудан бас тартып отыр. Оның анық дәлелі мысалы, 2015-2016 жж банктердің тарапынан ауыл шаруашылығын қаржыландыру 450 миллиард теңге болса, былтырдың көлемі 212 миллиард теңгені ғана құрап отыр. Яғни екі еседен артық қаржыландыру мәселесі төмендеп отыр.

Неге төмендеді? Себеп көп. Біріншіден, ауыл шарауашылығында қауіп басым. Заңдылық. Мәселен, еккенің биыл бітік шықса, келесі жылы өнімділік аз болуы кәдік. «Несие рәсімдеймін» деген шаруалар банктен алатын ақшасының құнына сәйкес келетін дүниесін кепілдік ретінде қоюы керек деген талап тағы бар. Көп жағдайда бұл мүмкін бола бермейді. Агро салада инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін де уақыт қажет. Осыны ескере келе екінші деңгейлі банктер тауар өндірушілермен ат құйрығын кесісіп жатыр.

Рүстем Құрманов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

-Егер ауыл шаруашылық өнімдері шықпай қалса, қожалықтың иелері алған несиесін қайтаруы тиіс. Ол шығынға батқан шаруаларға қиынға соғып жатады. Яғни сақтандыру саясатын жетілдіру керек. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекет тарапынан сақтандыруды дамытсақ несие беруде кедергілер болмайды деп сенеміз.

Ауыл шаруашылығында өнімнің жылдық өсімі 7-8 процент болуы тиіс еді бізде. Бұл көрсеткіш қазір 4-5 пайыздан аса алмай тұр. Тіпті алдағы егіс жұмыстарына да бөлінетін қаражат аздау.  Қазір көктемгі жауапты науқанға деп 70 миллиард теңге қарастырылған.  

Агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландырудағы күрмеулі мәселе алдағы уақытта шешілмек. Жиында айтылды. Шаруаларға тек Қазагро холдингі ғана қарайласпай, екінші деңгейлі банктер де тиісті несиесін беру үшін заңнамаға тиісті түзетулер енгізілмек. Құжат қазір Мәжілісте жатыр. Әсіресе тиімділігін көрсете алмай жатқан лизингтік бағдарламалар жетілдірілмек.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Марат Диханбаев, Айдос Меделбек

Хабар 24 телеарнасы