378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында жедел жәрдем көлігіне жол бермейтін жүргізушілер саны көбейген

  • 100
  • UPD: 07:47, 19.04.2019

Павлодар облысында жедел жәрдем көлігіне жол бермей, дөрекілік танытатын жүргізушілер саны азаймай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басынан осындай 50-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Жолда апаттық жағдайдың алдын алу мақсатында жергілікті полиция өкілдері жедел жәрдем көлігімен бірлесе апта сайын рейдке шығып отырады.

Көлік жүргізушілерінің жолдағы қылықтары мен дөрекілігі жедел жәрдем көлігіне кедергі. Жол қозғалысына қатысушылар мұны бірден ұғына бермейді. Медициналық көмек станциясының жергілікті жүргізушілерінің пікірі осыған келіп саяды.

Облыстық жедел жәрдем медициналық көмек станциясы бас дәрігерінің орынбасары Ирина Мищенко кейбір көлік жүргізушілері дөрекі іс-әрекетке де барады дейді. Маман таяуда болған тосын жағдайды мысалға келтірді.

Ирина Мищенко, облыстық жедел медициналық көмек станциясы бас дәрігерінің орынбасары:

– Бір өкініштісі, жергілікті жүргізушілер жүйткіп келе жатқан жедел жәрдем көлігін көре тұра, жол бермейді. Дөрекі сөздер былай тұрсын, көрсе көз ұялар қылықтар да көрсетіп жатады. Мәселен, тұрғын үй аулаларының бірінде жедел жәрдем көлігіне жоғарғы қабаттан бір құты бояу лақтырылды. Салдарынан алдыңғы терезе толық былғанды.

Мәселен, жол талғамайтын мына көліктің жүргізушісі көше қиылысында жедел жәрдем көлігіне жол берудің орнына алдынан кесіп өтті. Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 598-бабының 5-тармағына сәйкес, жол ережесін бұзған азамат 10 айлық есептік көрсеткіш немесе 20 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Апта ішінде өтесе, 50 проценттік жеңілдік қарастырылған. Ал шетелдік маркалы бұл темір тұлпардың иесі жедел жәрдем көлігіне жол берсе де, жол жиегіне тоқтамады.

Серік Жұмалиев, облыстық полиция департаментінің аға инспекторы:

– Көп жағдайда көлік жүргізушілері дабыл белгілерін салон ішінде естімедім, ән тыңдадым немесе артқы айнаға қарамадым деп түсіндіріп жатады. Соңғы апта ішінде 15-ке жуық әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталды. Рейд басталғалы, көлік жүргізушілері ережені толық ұстанбаса да, мейлінше жол беруге талпынып жатқанын байқадық.

Арнайы рейд шаралары әр аптаның соңында ұйымдастырылып отырады. Жол полициясының қызметкерлері де жедел жәрдем көлігінің жүргізушілеріне төтенше жағдайларда қандай шара қабылдау керектігі туралы түсіндіреді. Айта кетейік, Павлодар облысында 70-ке жуық фельдшерлік экипаж қызмет етеді. Олардың шақырту алған мекенжайға жету уақыты бүгінде шамамен 10-15 минутқа дейін қысқарды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Самат Оспанов

Хабар 24 телеарнасы