378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі кездеседі

  • 428
  • UPD: 08:34, 19.04.2019

Түркістан облысының Түлкібас ауданында қазақ даласының жауһары, гүлдің патшасы саналатын қызғалдақты дәріптеуге арналған «Қызғалдақ фестивалі» өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шараға мыңнан аса адам жиналды. Фестиваль барысында «Шырайлым – Шұбайқызылым» байқауының жеңімпаздары марапатталып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Грейг қызғалдағы Түркістан облысының Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек аудандарының таулы аумақтарда кездеседі. Әсіресе, ең көп өсетін жері – Түлкібас ауданының Шұбайқызыл шоқысы. Жылына бір рет небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар 15-20 гектардай алқапты қызыл кілемге орайды.

Былтырдан бастап табиғатымыздың көркем сыйларының бірі қызғалдақты дәріптеп, кейінгі ұрпаққа маңыздылығын жеткізу мақсатында «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл-жалауы!» атты қызғалдақтар фестивалін өткізіле бастады. Қаратау мен Алатаудың түйіскен тұсында орналасқан Шұбайқызыл шоқысына биыл да мыңға жуық адам жиналды. Ғалымдардардың айтуынша, Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі кездеседі. Оның тек 12-сі қазақ даласында ғана өсетін түр болып саналады.

Әшімхан Қанаев, биология ғылымдарының докторы, профессор:

– Біздің генетиктер қызғалдақ түрлерін асылдандырса деймін. Құрамында крахмалдың көп болуына байланысты емдік те қасиеті бар екен.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында Қазақстан алма мен қызғалдақтың отаны екенін айтқан болатын. Тіпті қызғалдақ Еуропа елдеріне Ұлы Жібек жолы арқылы қазақ даласынан жетті деген де дерек бар. «Бұл – біз үшін мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік», дейді белгілі жазушы Мархабат Байғұт.

Дәстүрлі шара барысында театрландырылған қойылымдар мен сазды-хореографиялық көріністер қойылды. Сондай-ақ «Шұрайлым – Шұбайқызылым» атты жас қаламгерлер мен композиторлар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жиналған жұрт «Қызғалдақ сарайы» облыстық суретшілер көрмесін тамашалап, шара «Шұбайқызыл» шоқысына жалпыхалықтық саяхатқа ұласты.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы