379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ломбард қызметкерлері ұрланған мүлік пен техниканы қабылдай ма?

  • 139
  • UPD: 10:31, 19.04.2019

Алматыда соңғы екі жылда 200 ломбард ашылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Демек сұраныс бар. Алайда олардың жұмысын нақты бір мемлекеттік немесе заңдық мекеме қадағаламайды. Тіпті ішкі істер департаменті де ломбардты соттың арнайы рұқсатынсыз тексере алмай отыр.

Алматыда ломбард ашуға лицензиясы бар 120 компания жұмыс істейді. Бұл сан әлі де өсуі мүмкін. Өйткені,сұраныс жоғары. Алайда, кез-келген ломбард өзі қабылдайтын бағалы заттың нарықтағы нақты құнын ешқашан төлемейді. Соған қарамастан тұрғындар ломбардың көмегіне жиі жүгінеді.

Алмас Садуақас, тілші:

– Алматыдағы бір ғана «Тастақ» ықшам ауданының өзінде оншақты ломбард бар. Бұл жерде алтын-күміс әшекейлер, қалтаңыздағы ұялы байланыс телефоны, тіпті астыңыздағы көлікке дейін қабылдай береді. Алайда сол ломбард қызметкерлерінің айтуынша, өткізілетін заттың 50 пайызы сол жерде қалып қояды екен.

Жазира Нұрланова, ломбард қызметкері:

– Адамдар көп, күніне жоқ дегенде оншақты адам келеді. Жағдайы келгендер алып кетеді. Немесе 50 пайызын тастап кететіндер болады.

Ломбардтың басым бөлігі алтын қабылдайды. Өткізілетін затты сақтау мерзімі 1 немесе 2 ай. Егер осы мерзімде иесі затын қайтарып алмаса, ол жоғары бағада сатылып кетеді. Өкініштісі мұнда ұрланған телефондар, әшекейлер мен техникалар да өткізіліп жатады. Биыл Алматыда ұрланған заттарды қабылдап, кері сатқан ломбард илеріне қатысты 12 қылмыстық іс қозғалған. 

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы полиция департаментінің ресми-өкілі:

– Қылмыстық кодекстің 196 бабы бойынша ұрланған затты сатып алу қылмыс болып табылады. Бірақ кейбір азаматтар біз оны білмейміз деген түсініктерін алға тартып отырады. Негізі заңды білмеуін жауапкершіліктен босатпайды деген ұғымға сүйене отырып, осы 12 қылмыстық іс бойынша ломбардтардың өкілдерін қылмыстық жауапкершілікке тарттық.

Нарықта өздерін тым еркін сезінетін ломбард иелері мен олардың жұмысын қатаң бақылауға алатын заңнама керек. Бұл мәселені екі жыл бұрын Бас прокуратура мен ІІМ де көтерген дейді заңгерлер.

Серік Айтбаев, адвокат:

– Ломбард иелері өздері қабылдап жатқан бұйым туралы толық ақпарат пен фотосуреттерді полицияға жолдауы тиіс. Егер ол заттар ұрланғандар тізімінде болған жағдайда үш айға дейін сақталуы қажет. Алайда ломбард ондай бұйымнан тез құтылуға тырысады. Өйткені бұл талаптың ешқандай заңдық күші жоқ. Сондықтан арнайы заңнама болу керек. Ол ең алдымен заты ұрланған адамдардың құқығын қорғауға, қылмысты алдын алуға немесе ашуға мүмкіндік береді. Екіншіден ол ломбардтың атына кір келтірмес еді.

Банктен несие алуға мүмкіндігі жоқ немесе оған жүгінгісі келмейтін адамдар ломбардқа барып, қаржы мәселесін шешуге тырысады. Ал ломбард бизнесінде көлеңкелі қаржы айналымы орасан. Сондықтан бұл жағдайда заң жобасын қабылдауды созбау керек, дейді мамандар.

Авторлары: Алмас Садуақас, Серік Бақбаев, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы