379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысындағы ауылда қымбат су тарифі халықты қинап тұр

  • 188
  • UPD: 18:55, 19.04.2019
Қостанай облысындағы ауылда қымбат су тарифі халықты қинап тұр

Ырсайлықтар ауыз суды үнемдеп ішуге мәжбүр. Себебі Қостанай облысындағы бұл ауылда тіршілік нәрінің бір текше метрі шамамен 1345 теңге.

Қазір алақандай елді мекендегі тұрғындардың суға деген берешегі 13 миллион теңгеге жуықтапты. Егер субсидия бөлінбесе қарыз көлемі өсе беретін түрі бар.    

Орталықтандырылған ауыз су желісіне ырсайлықтар осыдан екі жыл бұрын қосылған. Алайда тұрғындар тіршілік көзін үнемдеумен әлек. Жобаға сәйкес елді мекен бойынша тұтынылатын жылдық су шығыны 14 мың текше метр деп есептелсе, бұл көрсеткіш қазір жеті есе төмен.

Асылхан Хәкімов, жітіқара ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Қазір халық 1345 теңге тарифпен төлеп жатыр бір текше метрге. Екі текше метр алса 2600 теңге төлейді. Ал оны төлей алмайды. Егер субсидия келсе, 30 теңгеден төлейді. Он текше метрге дейін алуға болады. Малға береді, шөп суарады.

Жаннат Қалымжанованың үйі барлық санитарлық торапқа тартылған.  Ыстық пен салқын суды тұрмыста мақсатты жұмсауды үйреншікті әдетіне айналдырған. Бостан босқа төгіп, шашпайды.

Жанат Қалымжанова, Ырсай ауылының тұрғыны:

- Бір айда біз 4-5 текше метр жұмсаймыз. Бір айда 7000-8000-9000 теңгеге дейін барады. Екі адамбыз үйде сонда да көп ақша төлейміз.

Тарифтің аспандап кетуіне бірнеше факторлар себеп. Біріншіден, ауыл шаруашылығы, қаржы министрлігі Ырсайды баламалы су көзі жоқ елді мекендер тізіміне енгізбеген. Екіншіден, абоненттердің аздығынан жергілікті су таратушы кәсіпорын қыруар шығынға батып отыр.

Сергей Катков, бас инженер:

- Тұтынушылардан айына бар жоғы 250 мың теңге пайда көреміз. Ал шығынымыз 1,5 миллион теңгеден асады. Халықтың суды үнемдеуі бізге тиімсіз боп тұр.

Ырсайлықтар сонау Кеңес заманынан бері ауыз суды тасып, ішіп келді. Құдықтарға құйып кететін тіршілік нәрін барынша там-тұмдап жұмсайтын.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Ауылда орталықтандырылған сумен қамту жүйесі пайда болғанға дейін тұрғындар осындай құдықтардан тіршілік көзін алып жүрді. Қазір мұнда су жоқ, тартылып қалған. Ауыз суға қатысты баға мәселесі шешілмейінше бұл құдықтар осылайша тұра береді. 

Облыс бойынша 6 елді мекеннің тұрғындарына ауыз су қымбатқа түсіп отыр. Тарифті төмендетіп, ауылдарды арнайы тізімге қосу үшін тиісті құжаттар қаржы министрлігінің қарауына жіберілген.   

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы