377.97 423.44 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атажұртты аңсаған қандастарымыздың елге оралуына көмектесетін сервис құрылды

  • 231
  • UPD: 22:16, 19.04.2019

Бұдан былай шетте жүрген қазақтардың атажұртқа оралуы біршама жеңілдейді. «Қазақтелеком» компаниясы, Отандастар қоры және Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы арнайы әлеуметтік көмек сервисін құрды.

Оның аясында енді азаматтыққа қол жеткізу, «оралман» мәртебесін алу және әлеуметтік төлемдерді тағайындау әлдеқайда қолжетімді болмақ. 

Бүгін «Отандастар» қорының президенті Нұртай Абықаев пен «Қазақтелеком» компаниясының басшысы Қуанышбек Есекеев қандастырымызға қолдау көрсету мақсатында арнайы меморандумға қол қойды. Яғни, бұдан былай елімізде бірегей байланыс орталығы жұмыс жасайды және ол оралмандарға қатысты ең көкейкесті мәселелердің шешілуіне мұрындық болмақ.

Нұртай Абықаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті:

-Бірегей байланыс-орталығы өзіне барлық қажетті көмекті шоғырландырады. Сонымен қатар оралмандар мен шетелдегі диаспоралар проблемаларын шешу бойынша мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуге ақпараттың көз де болады. Мұндай қызметтің пайда болуы отандастарға қолдау көрсетудің шынайы қадамы дер едім.

Байланыс-орталығы «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді. Яғни азаматтық алу, мемлекеттік көмек тағайындау не жұмыспен қамту квоталарына қосу сияқты мәселелер бойынша кеңес ұсынады. Сондай-ақ бастама қолданыстағы заңнаманы жетілдіруде ақпаратты жинақтау және талдау бойынша негізгі рөлді атқармақ.

Қуанышбек Есекеев, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы:

- Бұл жоба үлкен әлеуметтік мәнге ие. Біз оған қатыса отырып, инфрақұрылымдық мультисервистік оператор ретінде, аталмыш жобаның дамуына қосатын үлесіміздің маңыздылығын түсінеміз.

Пайдаланушыларға қолайлы болу үшін алдағы уақытта WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы коммуникацияның қосымша арналары жетілдірілмек. Сондай-ақ Skype көмегімен де кеңес алуға болады. Қызмет қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде көрсетіледі.

Авторлары: Аслан Қаженов, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы