377.97 423.44 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шығысқазақстандық кәсіпкер көп балалы отбасына баспана сыйға тартты

  • 161
  • UPD: 09:08, 20.04.2019

Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында жергілікті кәсіпкер өз қаржысына көп балалы отбасына баспана сатып әперді.

Елбасының пәрменімен жүзеге асып жатқан «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы арқылы да кешенді қолдау шаралары қолға алынған. Бұрын атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны 400-ге жуық болса, енді олардың саны екі есеге артып отыр.

Көкпектілік Боранбаевтар отбасында 6 бала өсіп келеді. Зухраның айы-күні таяп отыр. Егіз сәбиді дүниеге әкелмекші. 10 жылдан бері шиеттей бала-шағамен баспана тауқыметін тартып келген оларға жергілікті кәсіпкерлердің бірі тұрмысқа жайлы 4 бөлмелі үй алып берді.

Зухра Боранбаева, «күміс алқа» иегері:

– Балалардың қуанышында шек жоқ. Бөлек бөлмелері бар. Алғысым шексіз.

Зухра әр балаға берілетін әлеуметтік жәрдемақының өскеніне де қуанып отыр. Құжаттарын өткізіп қойыпты. Енді отағасы екеуі қаражаттарын жинақтап, қосымша шаруашылықпен айналысуды да көздеп отыр.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар», – дейді қазақ. Расында мұндай отбасында өскен балалар қамқоршыл, көпшіл, еңбекқор болып өседі. Қазірдің өзінде олар ауланы айнадай сыпырып, көктемгі бау-бақша салуға дайындалып жатыр.

Аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде абыр-сабыр әлі басылмаған. Көп балалы отбасылар әлі де құжат өткізіп жатыр.

Қанат Мұқышев, Көкпекті аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Былтыр 393 отбасы әлеуметтік көмек алған. Қазір екі есеге артты. Жұмыс тоқтаған жоқ, жалғасып жатыр. Қосымша әлеуметтік төлемдер көтерілгенге байланысты 176 миллион теңге қосымша сұрап отырмыз. Ол республикалық бюджеттен болады.

Жыл басынан бері бірнеше рет қайырымдылық акциялары өткізіліп, 130-дан астам аз қамтылған және көп балалы отбасына әр түрлі көмек көрсетіліпті. Мұндай игі шаралардан қатардағы тұрғындардан бастап, шаруа қожалықтары мен кәсіпорындар да шет қалмапты.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы