377.97 423.44 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Білім және ғылым министрі: Мектеп бітіру кешін жарысқа айналдырмау керек

  • 405
  • UPD: 11:32, 20.04.2019

Мектеп бітіру кешін жарысқа айналдырмау керек. Еліміздің Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова осындай пікірде.

Қазір түлектер өз өміріндегі маңызды кешке қамданып жатыр. Бірі лимузинмен қаланы аралауға асық, енді бірі қымбат көйлегін киіп, мейрамханада көңіл көтеруді қалайды. Бір күндік қуаныштың құны қанша? Ата-ананың қалауы не?

Алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған Алсудың арманы асқақ. Ол бүгін бітіру кешіне киіп баратын әдемі көйлек іздеп жүр. «Өмірімдегі маңызды кеште ханшайымдай жүрсем», – дейді.

Алсу Ахмедшина, мектеп бітіруші:

– Көйлек таңдау аса жауапты іс екен. Ол ыңғайлы әрі көңілге жағатын түсте болғаны абзал. Қиялымдағы көйлек 150 мың теңге шамасында. Құрбыларымның көбі киімдерін тапсырыспен тіктіріп жатыр. Осылай арзандау болады екен. Ата-анаммен ақылдаса отырып, бітіру кешіне 200 мыңнан аса қаражат жұмсауды шештік. Мейрамхана шығындары да осыған кіреді. Естен кетпес кешке дайындық та ерекше болу керек деп ойлаймын.

Кешегі бүлдіршін – бүгінде азамат. Таңдауы бар, талғамы да асқақ. Мектеп бітіріп жатқан баласының тілегін ата-ана да ескерусіз қалдырғысы келмейді. Соның салдарынан соңғы жылдары мұндай шаралар аста-төк думан мен қисапсыз шығынға себеп болғаны рас. Бірақ еліміздің бас ұстазы Күләш Шәмшидинова бұған үзілді-кесілді қарсы.

Күләш Шәмшидинова, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Бітіру кешін мектеп ішінде өткізу дәстүрі болған. Ол жерде ата-ана мен оқушылар, мұғалімдер емен-жарқын әңгімелесіп, көңіл көтеретін еді. Қазір бұл үрдіс басқаша көрініс тауып, кәдімгі жарысқа айналып кетті. Ең бастысы, оқушылардың қауіпсіздігі. Сондықтан біз осындай кештер тек мектеп қабырғасында өтсе дейміз. Қымбат көйлек, аста-төк дастарханның қажеті жоқ.

Бір қызығы, қазіргі түлектер бітіру кешінің қарапайым болғанын қалайды. Біз жүгінген ивент агенттіктер осыны растады. Олар қызметі үшін 200 мың теңгеден жоғары ақы алады. Ал әлемдік жұлдыздарды шақырып, айрықша шоу ұйымдастырудан бас тартпайтындар бірнеше миллионын да аямайды екен.

Иван Эрнст, ивент агенттік жетекшісі:

– Осыдан екі жыл бұрын түлектер бітіру кешіне үлкен көңіл бөліп, думанға айналдыратын. Бірақ қазіргі балалар басқаша. Оларды мұндай шаралар қызықтырматын сияқты. Балалар ата-анасына салмақ салғысы келмейді. Және шараның барынша қарапайым болғанын қалайтындар көп. Ол түсінікті де. Артық шығын берекелі болмайтынын жастар осы бастан ұғып жатыр.

Дегенмен бітіру кештеріне отандық әншілерді оқу жылының басынан-ақ шақырып қойғандар бар. Оған бір сағат лимузинмен серуендеуді қосыңыз. 35 мың теңге. Мейрамхана жалдауға әр түлек 15 мың теңге төлеуі тиіс. Қалтаны қағады, әрине. «Бірақ баланың қуанышы үшін аянып қалмаймыз», – дейді ата-аналар. 

Наталья Байлюк, ата-ана:

– Мектеп бітіру кешін асыға күтіп отырмыз. Бұл балалардың мейрамы ғой. Бәрі де қарапайым отбасынан шыққан. Сондықтан аса шығындалмайтынымыз анық. Бірақ балаларымыздың қуанышы үшін мейрамхана жалдап, арнайы бағдарлама дайындап отырғанымыз рас.

Бітіру кеші болғаны дұрыс негізі. Соңғы рет жиналып жатқан шығарсың. Одан кейін жиналмауың да мүмкін деген сияқты. Бітіру кешіне кем дегенде 100 мыңның үстінде шығады. Костюмге 50 мың, бітіру кешіне 60 мыңдай кету керек.

Қимастық пен қуанышқа толы мектеп бітіру кеші әр түлектің арманы. Бастысы, оқушылардың бір-біріне деген көңілі мен ыстық ықыласы аласармасын.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Әділғазы Төлеміс, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы