378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде вакуумды жылу оқшаулағыш панельдер шығаратын кәсіпорын ашылды

  • 146
  • UPD: 09:30, 21.04.2019

Қазақстанның құрылыс нарығында вакуумды жылу оқшаулағыш панельдер шығаратын жаңа отандық кәсіпорын пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Инновациялық өнім өзге құрылыс материалдарымен салыстырғанда, жылуды 6 есе жақсы сақтайды. Ал шикізаттың дені елімізде шығарылады. Сондықтан бағасы да қолжетімді.

Вакуумды жылу оқшаулағыш панельдер – қазақстандық жас ғалымдардың еңбегінің жемісі. Оны үйдің едені мен шатырына төсеуге, қабырғаларына жапсыруға болады. Сондай-ақ көкөніс қоймасы мен спутник өндірісінде де кәдеге жарайды.

Руслан Нұрлыбаев, компания директоры, PhD докторы:

– Ішіндегі негізгі құрамы – диоксид кремний. Яғни микрокремнезем деп аталады. Бұл микрокремнезем Қазақстанда бар. Қазақстандық өнім ретінде біз бұл панельдерді шығарып жатырмыз.

Бұл панельдер ғимаратқа артық салмақ салмайды. Кемінде 50 жыл қызмет етеді. Ең бастысы экологиялық жағынан таза.

Ұлан Нарынбек, тілші:

– Вакуумды жылу оқшаулағыш панельдердің қасиеттері көп. Мысалы жаңа технологиямен жасалған құрылыс материалы 1200 градусқа дейінгі отқа шыдас береді.

Отқа жанбаған соң улы газ да бөлмейді. Бұл тұрғын үй және кеңсе құрылысы үшін өте маңызды.

Осыған ұқсас панельдер Еуропа мен Қытайда да жасалады. Бірақ қазақстандық өнімнің құрамы мен технологиясында өзгешілік бар. Бағасы қытайлық панельдермен салыстырғанда 2,5 есе арзан. Пилоттық жоба «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басым бағыттарының қатарында.

Анар Тастанбекова, «Атамекен» ҰКП Алматы филиалының өкілі:

– Келісімшарт жүргізуге, жобаны сүймелдеу бойынша қолдау жасалып жатыр. Компанияның ұлттық сапа байқауларына қатысып, жеңілдетілген несиеге қол жеткізу, грант алу жөнінде де жәрдемдесудеміз. Кәсіпкерлер палатасы жан-жақты қолдау жасайтын болады.

Қазір өнімдер елміздің құрылыс компанияларына сатылып жатыр. Кәсіпкерлер биыл 100 мың шаршы метрге жуық материал шығарамыз дейді. Болашақта автоматтандырылған желілерді қосып, жылына 500 мың шаршы метрге дейін вакуумды жылу оқшаулағыш панельдер өндіруді көздеп отыр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы