378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулық шебер іске аспай қалған заттардан көздің жауын алатын бұйымдар жасап жүр

  • 161
  • UPD: 09:31, 21.04.2019

Маңғыстау облысындағы Теңге ауылында тұратын Талғат Уәлиев іске аспай қалған түрлі заттарды кәдеге жаратып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көшеде жатқан темір-терсектен бастап, ағаш, картон-қағаздарды өңдеп, одан көздің жауын алатын бұйымдар жасап шығаруда. Шебердің коллекциясында ұсақ кәдесыйлардан бастап, тұрмыстық бұйымдар мен жиһаздарға дейін бар.

32 жастағы Талғат Уәлиевтің қолынан келмейтіні жоқ. Ол темірден жарты метрлік «Бәйтерек» монументін жасауда. Бір аптадан соң келетін досының туған күніне сыйға тартпақ.

Талғат Уәлиев, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

– Ең бірінші ағаштан ойып, рамкалар жасадым. Содан қызыға келе, темірден осындай құсты жасағым келді. Әдемі құс. Базардан үлкен лист сатып әкеліп, бір-бірлеп қолдан қиып, қауырсындарын жасап, құрастырып, осындай құс шығардым.

Шебер аулада тұрған алып темір атты жасауға 1 жылын жұмсаған. Салмағы 100 келіден асады. Бас-аяғы 11251 темір бұрандасы кетіпті. «Бастапқыда гипстан немесе тастан қашап жасағым келді, кейіннен сақиналы шайбаға тоқталдым», – дейді ол. Талғат Уәлиевтің үйіндегі қабырғадағы картиналар, аспалы шамдардан бастап, барлық дүние өз қолынан шыққан. Еліміздің мемлекеттік рәміздерінің бірі – елтаңбаны жасауға 1 мың шеге жұмсалыпты.

Сарагүл Байбозова, шебердің анасы:

– 3-4 кластан жасай бастады. Қалада тұрғанда барлық затты өзі істейтін. Көшіп келген соң шеберхана салып бердік.

Талғат Уәлиев – мұнайшы. Ал ағаш пен темірден түйін түю – оның қолы боста айналысатын сүйікті ісі. Шеберге бұл өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен келген екен. Жақында ұлды болған ол келешекте ата кәсіпті баласына үйретпекші.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы