378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық көп балалы отбасы баспаналы болды

  • 144
  • UPD: 15:12, 21.04.2019
Алматылық көп балалы отбасы баспаналы болды

Текеліде жалдамалы пәтерде жеті баламен тұрып келген отбасы баспаналы болды.

Назгүл Қожекееваға 4 бөлмелі тұрғын үйді жеке кәсіпкер тарту етті. Осыған дейін тұрақты мекенжайы болмаған жанұя енді Жансүгіров көшесінде тұрады. Ата-анасынан ерте айырылып, жетім өскен көп балалы ананың қазір құжаттары рәсімделіп жатыр. Қала тұрғыны алдағы уақытта атаулы әлеуметтік көмек алатын болады. Кенді шаһарда Назгүл сияқты 415 көп балалы ана бар. Солардың 170-іне пәтер керек. Оларды баспанамен қамту үшін қалалық әкімдіктің ұйытқы болуымен арнайы қор құрылды. Көмектескісі немесе үй салып бергісі келетін жаны жомарт жандармен де жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір кәсіпкерлердің қаржыландыруымен қалада 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталған.

Назгүл Қожекеева, Текелі қаласының тұрғыны:

– Көмектесіп жүрген кісілерге алғыс айтамын. Балаларым да өзім де ризамын. Әке-шешем жасай алмаған жақсылықты көріп жатырмын. Көп-көп рақмет!

Бақтияр Өнербаев, Текелі қаласының әкімі:

– Екі 40 пәтерлі үйдің құжаттарын жасап жатырмыз. Сонымен қатар кәсіпкерлер келді. Олар өз қаражатына 40 пәтерлі 5 үй салып береміз деп уәде беріп отыр. Оны қайтару мәселесін заңға сәйкестендіру керек. Сол бағытта жұмыс атқарып жатырмыз. Егер ол жүзеге асса, көп балалы аналар мәселесі шешіледі.

Хабар 24 телеарнасы