388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бабалар ізімен» экспедициясы Грузиядағы қыпшақтардың тұрмыс-тіршілігімен танысты

  • 591
  • UPD: 15:39, 21.04.2019

Бүгінде Грузияның Борчалы ауданында 200 мыңнан аса қыпшақ тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар – 12-ғасырдың басында Дешті-қыпшақ даласынан көшіп келген 40 мың отбасының ұрпағы. «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының мүшелері таулы жерде тіршілік еткен бауырлармен кездесіп, тұрмыс-тіршілігімен танысты.

Грузиядан Әзербайжанға бағыт алған ғылыми экспедиция мүшелері жолай Борчалы ауданына ат басын бұрды. Себебі мұндағы тұрғындардың басым бөлігі өздерін қазақ халқының бір бөлігіміз деп санайды. Бүгінде жергілікті тұрмысқа бейімделген. Дегенмен жылқы байлап, саумал ішеді, отар-отар қой бағады.

Эльдар Исмайлов, Борчалы ауданының тұрғыны:

– Байырғы қыпшақтардың салт-дәстүрін әлі күнге дейін сақтап келеміз. Жергілікті халықпен де етене араластық. Өзіміздің ортадан шыққан зиялы қауым бар. Бірақ көбі Әзербайжанға көшті. Тбилисиде беделді қызмет атқарып жүргендері де аз емес. Ал осында қалғандары ауыл-шаруашылығымен айналысады. Егер туристік компаниялар осы Борчалы халқын Орталық Азия елдеріне қызықтырып, саяхаттар ұйымдастырса, өскелең ұрпақ ата жұртын көріп, шыққан тамырын тереңірек тани түсер еді.

Борчалыдан шығып, Әзербайжан аумағына кірдік. Көп ұзамай алдымыздан «Қазақ» деп аталатын шаһар кездесті. Аз-кем аялдап, тарихымен таныстық. 80 мыңнан астам халық тұрады екен. 13 ғасырда осы маңда құрылған Қазақ сұлтандығының орталығы болған.

Октай Ырзаев, Әзербайжанның туристік ассоциациясының кеңесшісі:

– Сұлтандықтың «Қазақ» деп аталуына байланысты әр түрлі пікір бар. Бұл сөз Қазақ хандығы құрылмай тұрып, түркі тайпаларының арасында қолданылғаны тарихтан белгілі. Еркін, тәуелсіз деген мағынаны береді. Ал бұл аймаққа қыпшақ тайпалары 6-7 ғасырларда келді. Содан бері осы жерді мекендеп, жергілікті халықпен бірге өмір сүріп жатыр.

Ғылыми экспедиция Әзербайжандағы сапарын елдің батысындағы Гяндже қаласында жағастырды. Бұл шаһар – 1136-1225 жылдары қыпшақ тайпасынан шыққан атабектерқұрған «Елдениз» мемлекетінің екінші астанасы. Өз заманында оның өркениетті ел болғанын жергілікті музейдегі жәдігерлер айғақтайды.

Тахмина Әзизова, «Гянджа қақпасы» этнографиялық музейдің қызметкері:

– Мына дулыға Гяндже қаласының маңыйынан табылды. Ғалымдарымыздың болжамы бойынша Атабектер дәулет құрған шақта жасалған. Бас киімнің сыртқы жағы алтынмен әрленген. Сонымен қатар болат темірден жасалған сауыт пен қолғап табылды. Бұл 12-ғасырдың өзінде «Елдениз» мемлекетінің болат балқытқан, өркениетті ел болғанын дәлелдейді.

«Елдениз» мемлекетін басқарған бабаларымыздың шеберлігін көпір құрылысынан да байқауға болады. Ол Атабектер билік құрған тұста тастан қаланған.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

– Менің артымда тұрған көпір Ақ көпір деп аталады. Сол кезде салынған. Таң қалатын нәрсе, көпір 900 жылға жуық уақыт істеп тұр. Біз жаңа осы көпірдің үстінен өттік. Осы уақытқа дейін көпірді тұрғылықты халық пайдаланып отыр.

Бабаларымыздан қалған жәдігерлерді Гянджадағы тарихи-өлкетану музейінен де кездестірдік. Мұндағы мамандардың айтуынша, 90 жылдай билік құрған «Елдениз» мемлекеті моңғол шапқыншылығынан кейін құлады. Дегенмен Құлағудың ұрпағы қалыптастырған ел де ұзақ тұрмады. Ішкі талас-тартыс кесірінен 80-90 жыл ішінде жойылды. Орнына Жалайыр мемлекеті пайда болады. Ол да – қазақтан шыққан ірі тайпаның бірі. Жалайырлар бұл аймақты ғасырға жуық басқарған. Тарихтың жаңа қырларына қаныққан экспедиция мүшелері Гянджаны артқа тастап, Бакуді бетке алды.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Самат Бекбатыров

Хабар 24 телеарнасы