378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да асыл тұқымды ірі қара малдың саны артты

  • 160
  • UPD: 21:41, 21.04.2019

Ел мен ел араласса құт. Бірінің білмегенін бірі үйретеді. Осындай аралас-құраластықтың арқасында Шығыс Қазақстан облысында асыл тұқымды ірі қара саны артты.

Үржар ауданындағы шаруашылықтардың бірінде «Шаролле», «Ангус» және әулиекөл тұқымды мал өсіріліп жатыр. Бірнеше жыл бұрын 3 мың және 2 мың басқа арналған бордақылау кешендері салынып, табысты жұмыс істеп тұр. Былтыр Өзбекстанға 130 тоннадан артық ет экспортталған. 

15 жыл бұрын ашылған Мәулетбек Қалиевтің шаруашылығы негізінен етті бағыттағы Шаролле және Ангус тұқымдас ірі қара өсірумен шұғылданады. 70-тен астам жергілікті тұрғын еңбекпен қамтылған. Мемлекеттің қолдауымен бірнеше бордақы кешендері тұрғызылған. Қазір мұнда күзде жайлаудан әкелінген мал семіртіліп жатыр. Тірі салмағы 450 келіге жеткенде сатуға шығарылады.

Манарбек Қабин, шаруашылықтың ветеринары:

- Жаз жайлауда Тарбағатай таулары өте табиғи өсімдікке бай, жері жайылысқа ыңғайлы. 5 ай болып келген малды, сонан кейін бізде дайындалатын сүрлем бәрі өзіміздің дала бригадасы бар, үлкен қуатты тракторларымыз бар, өзіміз дайындаймыз. Бізде қазір 4 жарым мың гектар жеріміз бар егістік. Толықтай өзімізді өзіміз қамтамасыз ете аламыз.

Былтыр шаруашылықтағы малды сонау Өзбек елінен келген шаруалар сатып алыпты. Олардың қызығатын жөні бар. Мұндағы ірі қара химиялық қоспасыз тек құнарлы азықпен қоректенеді.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Малды асылдандыру аясында шаруашылық биыл 500 бұқаны ұсақ шаруашылықтарға тегін үлестіруді көздеп отыр. Кеілісм-шарт бойынша олардан алынған төл қайтадан осы жерге өткізілуі тиіс. Олардың әр келісіне мемлекет 200 теңгеден субсидия төлейді. Бұл екі жаққа да тиімді жоба деп есептейді фермерлер.

Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

- Былтырғы жылы мемлекеттік «Сыбаға» баяғдарламасы аясында 15 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал әкелуге ниет білдіріп, соның 747 басы келді Герефорд деген мал, етті бағытта. Биылғы жылы 60 бас карантинде тұр, Ресей Федерациясында, ол келеді. Биылғы жылы жоспарды 2 есе орындаймыз деген ойымыз бар.

Шығыс Қазақстан облысында 300-ге жуық асыл тұқымды ірі қара өсіретін шаруашылық, 5 ірі бордақы кешені бар. Өңірдің агроқұрылымдары 2022 жылға дейін 17 мың тонна мал етін экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы