379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық өзеншілер жаңа маусымға дайындық үстінде

  • 129
  • UPD: 08:58, 22.04.2019

Ертіс өңірінің өзеншілері жаңа маусымға соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Су кемелері жөнделіп, құрал-саймандары реттелді. Биыл су жолы арқылы көрші Ресей еліне тасымалданатын жүк көлемі 30% артады деп күтілуде.

Солтүстік өңірдің алты айлық қысынан соң өзен портына жан бітті. Мамандар көрші елге сапарлайтын су кемелерін жөндеп, көліктердің техникалық жағдайын жақсартты. Жаңа маусымда ақауларға жол берілмеуі тиіс. Мамандардың қауіпсіздігі де басты назарда.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Су кемесі ішінде болатын әр маман осындай құтқару кеудешесін киеді. Биылғы жаңа навигация барысында павлодарлық өзеншілер заман талаптарына сай келетін құтқару құралдарымен жабдықталды. Оның құрамында осындай ысқырғыш, сонымен қатар шам бар. Бұл шам адам суға түскен кезде автоматты түрде жанады.

Қайрат Ыдырысов – Семей қаласындағы бұрынғы өзен флоты колледжінің түлегі. Биылғы жылы Ертіс өңірінде алғашқы кеме жүзу маусымын қарсы алмақ.

Қайрат Ыдырысов, моторшы:

– Навигацияға дайындық болып жатыр. Міне, құтқару құралдарын іліп жатырмыз. Бір жұмадан кейін дайын боламыз. Кемеміз дайын. Бір жұмадан кейін навигацияға шығамыз.

Ресей елінде павлодарлық қиыршықтас, құрылыс құмы мен техникалық тұз жоғары сұранысқа ие. Ал облысқа ағаш материалдары ауадай қажет. Жаңа маусымға межеленген мақсат айқын – Ресей мемлекетімен алыс-берісті арттыру.  Қазір негізгі тауар баржаларға тиеліп жатыр.

Төлеген Күлжанов, Павлодар өзен порты басқарма төрағасының орынбасары

– Ресейге тұз жіберейін деп тұрмыз. 10 мың тоннадай тұз жиналып отыр, содан кейін 500 мыңдай қиыршықтастар жібереміз. Кейін Ресейден ағаш материалдарын әкелеміз.

Өзен арқылы тауар тасымалдау экономикалық тұрғыдан тиімді, себебі су жолы өзге көліктерге қарағанда арзан. Ертіс арқылы теңіз жолына шығуға да мүмкіндік бар. Бұл мәселе бір аптадан соң Мәскеуде өтетін еуразиялық экономикалық комиссияның инфрақұрылым және су көлігі жөніндегі комитет отырысында қаралмақ. Оған жергілікті өзеншілер де қатысады.

Виталий Крупенич, флот учаскесінің басшысы:

– Ауқымды шара барысында Ертіс өзенінен Обь шығанағына шығу мәселесі шешілмек. Себебі Ресей мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық келісім аясында кеме қозғалысына Ертіс бассейні арқылы ғана рұқсат бар. Бізді осы проблема алаңдатады, түйіні тарқатылса, өзеннің әлеуеті артады.

Бүгінде портта 70-ке жуық білікті маман еңбек етеді. Олардың тең жартысы жас өзенші болғанмен, кадр тапшылығы бар. Мәселені түбегейлі шешу мақсатында Семей көлік колледжінің жастары тартылмақ. Оларға қолайлы жағдай тудыру үшін жатақхана салынбақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы