378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұшақ апатының себебі «қара жәшік» зерттелген соң белгілі болады

  • 189
  • UPD: 22:00, 22.04.2019

Қарағандыда болған ұшақ апатына байланысты мемлекеттік комиссия құрылып, тергеу басталды. Әзірге ұшақтың құлауына не себеп болғанын дөп басып ешкім айта алмай отыр. Қара жәшік зерттелген соң белгілі болады.

Естеріңізге салайық, кеше Үштөбе ауылы маңында FK-14 маркалы шағын ұшақ құлап, екі адам опат болған еді. Оның бірі тәжірибелі ұшқыш болса, екіншісі енді үйреніп жүрген курсант.

Станислав Федотов қаза болған Юрий Артемовпен 10 жыл бірге қызмет еткен. Кейін зейнетке шыққан соң да, көрші тұрыпты. Марқұм әріптесінің өте тәжірибелі ұшқыш болғанын айтады. «Юрий 30 жыл әскери ұшақты басқарған. Сондықтан кәсіби маманның қателік жіберуі екіталай», - дейді ол.

Станислав Федотов, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Мен бұл ұшақта ұшып көрдім. Салмағы өте жеңіл, жылдамдығы да жоғары емес, басқару өте оңай. Қозғалтқышы істен шыққанда, өздігінен қона алады. Сондықтан тәжірибелі ұшқышқа бұл ұшақты басқару қиынға соқпаса керек. Ал апатқа түрлі себептер болуы мүмкін. Оны енді мамандар анықтайды.

Апаттан мерт болған екінші азамат Мереке Әукешов ұшақ басқаруды енді үйреніп жүрген курсант екен. Авиациялық оқу-жаттығу орталығына келіп жүргеніне жарты жылдан асқан. 29 жастағы жігіттің артында екі баласы, жары қалды. Марқұмның туыстарының айтуынша, ол басқарған ұшақ қонуға жақындағанда әуеде екі рет айналып, жерге құлаған.

Роман Скляр, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Апаттың нақты себебін тек тергеу жұмыстары аяқталған соң ғана айта аламыз. Қазір арнайы мамандар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы бірде-бір ұшақ апаты тіркелмеген еді. Өкінішке қарай, бұл осы жылда тіркеліп отырған алғашқы қайғылы жағдай.

Апатқа ұшыраған ФК-14 маркалы шағын ұшақ Үштөбе ауылының іргесіндегі «Балапан» жазғы авиациялық оқу-жаттығу орталығына тиесілі. Бұл ұшқыштар мектебі 2012 жылы құрылған. Қазір мұнда 25 адам еңбек етеді. Олардың дені отставкадағы әскери мамандар.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Авиациялық оқу-жаттығу мамандары қайғылы оқиғаға байланысты қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Апатқа ұшыраған ұшақ күн сайын ұшып жүрген. Ал дәл сол сәтте не болғанын енді мамандар анықтайды. Айта кетейік, қаза болған екі азаматтың мүрдесі ертең жер қойнына тапсырылады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы