378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында инклюзивті білім беру ұйымдарында маман тапшы

  • 121
  • UPD: 22:27, 22.04.2019

Қызылорда облысында мүгедек балаларды оқытатын маман тапшы. Соның салдарынан үйден оқытылатын оқушылар саны көбейді.

Жалпы өңірдегі арнайы бағдарламамен оқытылатын 3 мыңнан астам бала мен жасөспірімнің жартысына жуығы мектеп-балабақшамен қамтылмаған. Аймақ педагогтары 2020 жылға дейін инклюзивті білім берумен қамту көрсеткішін 70% жеткізуді жоспарлап отыр.

Мүмкіндігі шектеулі балғындарға кедергісіз орта қалыптастыру барысын Nur Otan партиясы жанындағы бақылау комиссиясы ұдайы қадағалап отырады. Сараптамалық топ бұл жолы «Шаттық» балабақшасы, №6 орта мектеп және медициналық колледждің жұмысымен танысты. Бұл мекемелерде маман жетіспеушілігі байқалады. Материалдық база да мардымсыз. Партиялық бақылау комиссиясы 30 сәуірге дейін өңірдегі барлық инклюзивті білім беруге бейімделген ұйымдарды тексеріп шықпақ.

Алтын Дүйсенғалиева, қалалық ата-аналар қауымдастығының мүшесі:

- Әркімнің өз ерекшелігі бар. Менің қызым дыбысты жақтырмайды. Телефондағы кейбір қатты музыканы жақтыртпайды. Сондағы реакциясы айқайлайды. Оған тек мен шыдаймын, басқа адам шыдай алмайды. Бұл жерде сол реакцияны қасындағы психолог-мамандар өте біліктілікпен басты. Қызымның басқа балаларды көріп, «кел, бірге ойнайық» деген реакциясы керек болды маған.

Ержан Байтілес, Nur Otan партиясы ҚОФ төрағасының орынбасары:

- Денсаулығында кінаратпен келген азаматтарды бөлшектемеуіміз керек. Оларды қоғамнан тыс, бөлек азамат ретінде қарастырмау керек. Олардың да қалыпты жағдайда дамуына, тиісті дәрежеде білім алуына, қоғамның бір мүшесі болып қалыптасуына, кірпіші болып қалануына еңбек етуіміз керек. Аймақта осы бағытта үлкен жұмыстар атқарылып жатқанына көзіміз жетіп отыр.

Хабар 24 телеарнасы