378.01 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өгей шешеден теперіш көрген қыздар психологтар бақылауына алынды

  • 177
  • UPD: 15:49, 23.04.2019

Түркістан облысында екі жыл бойы өгей шешеден теперіш көрген апалы-сіңілі үш қыз қазіргі таңда кәмелеттік жасқа толмағандарды оңалту орталығына орналасты.

Өз үйінде жетімнің күйін кешкен қыздар қазір қауіпсіз жерде психологтар бақылауында. Күдікті өгей шеше үй қамағына алынды.

Бүлдіршіннің денесінде сау жері жоқ. Өгей шеше қорғансыз қыздарға білгенін істеп, денелерін көгерткен. Дәл осындай жарақат бүлдіршіннің әпкелерінде де бар. Үнемі таяқ жеумен күн кешкен қыздар өткенді еске алуға қорқады.

Зардап шегуші қыз:

- Менің аяғымды пешке күйдірді. Кейін жуынды берді. Шәйға барфты қосып берді. Кейін аяғымнан темірмен ұрды. Шашлықтың палошкасымен аяғымды, басымды бәрін тесіп тастады. Аяғымнан 50 рет пласковуспен ұрды.

Аталған оқиға белгілі болған соң қыздар бірнеше күн бойы ауруханада жатып емделді. Қазір олар Шымкенттегі оңалту орталығына орналастырылды. Бұл жерге қыздардың халін білу үшін келуге тек әжесі мен әпкесіне рұқсат берілген.  Балалар толықтай психолог мамандардың бақылауында.

Назгүл Кұрманалиева, Шымкент қалалық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы директорының орынбасары:

- 20 сәуір сағат 14:00-де Жетісай аудандық полиция мен білім бөлімінің қаулысы негізінде 3 кәмелетке толмағанды орналастырылды. Қазіргі таңда жағдайы жақсы. Психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Оқу-тәрбиелік процес жүргізілуде.

Күдікті боп танылған әйелдің екіге толмаған сәбиін мамандандырылған балалар үйіне жіберген. Өзі болса үй қамағында отыр. Бұл шешімді Жетісай аудандық соты шығарған. Әзірге оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабына сәйкес, қыздардың заңды әкесі мен  азаматтық некедегі әйеліне 140-шы және 110-бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл баптар бойынша ол 3-тен 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сейілхан Мұсабеков, Жетісай аудандық сотының судьясы:

- Балаларды қинаған, ұрған, соққан, психикалық, физикалық қысым жасаған. Осы бойынша қазір күдікті ретінде оған үй қамаққа алу туралы шара қолданылды. Себебі оның  2 жасар баласы және 30 апталық жүктілігі бар екен. Осы сот ескеріп, үй қамаққа алынды. Ары қарай сотқа дейінгі тергеп, тексеру шаралары жүргізіледі. Біткеннен кейін сотқа келеді, сот оны қарайды.

Білім және ғылым министрлігі хабарлағандай, өгей шешемен бірге қыздардың әкесі де ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін. Аталған оқиғаға қатысты Жетісай ауданы әкімінің орынбасары, білім бөлімінің басшысы, қыздар оқыған мектептің үш мұғалімі мен мектеп директорына қатаң сөгіс берілді.  

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Абишов

Хабар 24 телеарнасы