379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды тұрғындары қала билігінен үй жануарларын серуендету ережесін қайта қарауды сұрап отыр

  • 163
  • UPD: 09:29, 24.04.2019

«Көшеде ит жетектеп жүру мүмкін емес, шыға қалсаң айыппұл салынады», – дейді қарағандылық наразылық білдірушілер, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал жергілікті билік өкілдерінің пікірінше, ешкімнің құқығы шектелген жоқ. Олар талап барлығына бірдей деген пікірде.

Ольга Толькачеваның мамандығы – кинолог. Оның айтуынша, үй жануарларын серуендетуге арналған ережені бекіткенде, өзі сияқты мамандар қатыспаған. Сондықтан осындай түсінбеушілік орын алып отыр дейді ол. Маман ит ұстайтын тұрғындардың көшеге шығудан қалғанын айтады. Себебі итті тыйым салынған жерде жетектеп жүргендерге айыппұл салынады. Ал бүкіл қала бойынша арнайы ит серуендететін жер біреу ғана. Оның өзі шаһар шетінде. Орталық саябақта тек ит үйрететін жер қарастырылған. Бұл орын серуендетуге арналмаса да, ит ұстайтындар осында келуге мәжбүр.

Ольга Толькачева, кинолог:

– Біз жергілікті билік үй жануарларын серуендету мәселесін шешіп берсе екен дейміз. Мүмкін біреулер үшін біздің мәселеміз түкке тұрғысыз болуы мүмкін. Бірақ шынымызды айтсақ, ит ұстайтын тұрғындар айыппұл төлеуден әбден мезі болды. Арнайы орындар тұрғын үй кешендеріне жақын орналасқан болса, иттер ешкімге де қауіп төндірмес еді. Ал мына жер – ит үйрететін орын. Жаттығу жүріп жатқан кезде бос болмайды.

Ирина Старцева, қала тұрғыны:

– Мен тура қаланың орталығында тұрамын. Үйімнің жанында балабақша мен мектеп бар. Ережені бұздың деп бір рет ескерту алдым. Одан кейін айыппұл төлеуіме тура келді. Итім кішкентай болған соң тұмылдырық кигізбегенім рас. Ережені қайта қарап, өзгертулер енгізу керек деп санаймын.

Үй жануарларына арналған ережеде қала ішінде иттерді қысқа қарғыбауға байлап, тұмылдырық кигізіп серуендету керек деп анық жазылған. Осы талапты орындамағандар айыппұл төлейді. Мамандардың сөзінше, ережеде итті серуендетуге тыйым салынбаған. Мұның барлығы қауіпсіздік үшін жасалып отыр. Мәселен, былтыр қалада жалпы саны 1300-ге жуық адамды ит қауып алған.

Ержан Бекетбаев, қалалық ветеринария бөлімінің басшысы:

– Бұл кісілермен итті серуендетуге қатысты түсініспеушілік ережеге қатысты болып отыр. Үйден шығарған бетте серуендеген болып саналады. Мектеп алаңдарында, балабақша маңында, саябақтарда итті серуендетуге болмайды.

Итті қыдырту ережесі әлемнің әр түкпірінде әртүрүрлі. Қазақстанда төрт аяқты серікті серуендететін орынды жергілікті билік анықтайды. Жалпы ереже де бар. Алайда нақты талапты әр өңір өзінше жасап, орындалуын да өздері реттейді. Ал Қарағандыда жыл соңына дейін қоршалған ит серуендететін тағы 5 орын ашылмақ. Мұнда иттерді қарғыбаусыз, тұмылдырықсыз жіберуге болады. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы