379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордада кітап фестивалі өтіп жатыр

  • 144
Қызылордада кітап фестивалі өтіп жатыр

Қызылордада дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне арналған шарада көркем әдеби туындылардан жасақталған инсталяция, кітапханалық квилт ұйымдастырылды.

Одан бөлек, ашық сұхбат алаңы, жас ақындар айтысы және поэзия кеші өткізілді. Домбыра пати мен әдеби-шоу зияткерлік ойыны да фестивальдің көркін қыздырды. Тағылымды, думанды жиынға қатысқан ақын-жазушылар ілім-білімнің қайнар көзі – кітаптың қасиеті турасында ғибратты әңгіменің тиегін ағытты. Қоғамның зияткерлік әлеуеті мен мәдени құндылықтарды арттыруды көздеген шара жиі өткізіле бермек. Жалпы Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 400 мыңнан аса кітап бар. Тарих шежіресі мен рухани құндылықтың бұлағы саналатын жазбалар оқырманға қолжетімді болуы үшін кітап қорындағы сирек туындылардың электронды нұсқасы әзірленген.  

Сайлаубай Жұбатырұлы, эколог-жазушы:

– Абыр-сабыр заманда кітап деген киеден халқымыздың шамалы ажырап кеткен жағдайы бар. Әсіресе жастардың. Міне осыған алтын көпір, дәнекер болып жатқан кітапхана жұмысы өте керемет. Мектеп жасындағы балалар, студенттер одан жоғары ұрпақ өкілдері кітапқа деген ынта-ықыласын танытып келіп отыр. Айтқан сөзімізді көңілдеріне түйеді деп ойлаймын.

Бағлан Күзенбаев, жас оқырман:

– Мен «Абай жолы» кітабымен таныстым. Мұхтар Шаханов, Мұқағали Мақатаев аталарымыздың шығармасын, жастарға арнаған өлеңін оқып үйреніп жатырмыз.

Хабар 24 телеарнасы