377.97 423.44 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Риддерде атаулы әлеуметтік көмек үшін 64 жанұя өтініш білдірген

  • 192
  • UPD: 14:15, 24.04.2019

Шығыс Қазақстан облысында 46 мыңға жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмектен үмітті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір өңірде халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған бастама шарттары кеңінен насихатталып жатыр. Мәселен, Риддер қаласында аталған төлемді алуға 64 жанұя өтініш білдіріпті.

Едені сыз тартып, сықырлаған ескі үйде Гүлайым 4 бала тәрбиелеп отыр. Өзі әлеуметтік қызметкер. Жолдасының жұмысы тұрақсыз. Ортақ табыстары отын-су, азық-түліктен әрең асса да, мойыған емес. Енді Үкіметтен берілетін жаңа атаулы көмекті естіп, өтініш беріп қойған. Егер оған қол жеткізсе, бәрін де бөбектерінің қамы үшін жұмсамақ.

Қазір Гүлайымның кішкентайлары жекеменшік балабақшаға барады. Мектепке дейінгі мекеме басшысы төлемді 50 пайыз жеңілдікпен ұсынып отыр. Баспана кезегіне де тіркелген. Тек төзіммен күтуі керек.

Ал Анна Шестакова – балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған ана. Бүгін ол бөбектерімен бірге жұмыспен қамту орталығына келіп, әлеуметтік көмек алу үшін өтініш жазды.

Анна Шестакова, Риддер қаласының тұрғыны:

– Әрине бұл көмек бізге артық болмайды. Сондай-ақ оларды балабақшаға беріп, өзім жұмысқа шықсам деп едім.

Жалпы Риддерде 140 көп балалы отбасы бар. Атаулы әлеуметтік көмек жайлы әңгіме басталғалы бері мамандар солардың әрқайсысын аралап шыққан.

Әсет Ерсайынов, Риддер қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Олардың әрқайсысымен жұмыс жасалды, насихат жүргізіп, үйлеріне барып, әлеуметтік көмек шарттарын түсіндіру жұмыстары өтті. Қазіргі уақытта ешқандай толқулар жоқ. Адамдар өз ретімен консультация алып, құжаттарын тапсырып жатыр.

Еліміз бойынша әлеуметтік көмекті алуға 800 мыңнан астам отбасы үміт артып отыр. Бастапқыда құжат тапсыру уақыты 30 сәуірге дейін деп белгілеген еді, енді мерзімі ұзартылды. Сондықтан бұл көрсеткіштің өзгеруі ықтимал.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы