378.98 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нахичевань қаласы бабаларымыз басқарған Елдениз мемлекетінің астанасы болған

  • 188
  • UPD: 19:32, 24.04.2019

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Әзербайжанның Нахчибан қаласында. Бұл шаһар 12-ғасырда бабаларымыз басқарған Елдениз мемлекетінің алғашқы астанасы болған.

Бүгінде Нахчибан автономиялық республикасының орталығы. Тарихи мекенде арғы аталарымыздан қандай белгі қалды? 

Начиван сырттай қарағанда жаңадан салынған жас қаладай көрінеді. Дегенмен тарихына үңілсең талай оқиғаның куәсі болған. Бәз баяғы қалпында сақталған жәдігерлер жетерлік мұнда. Соның бірі Момине хатун кесенесі. Шамамен 830 жыл бұрын салынған. Құрылысының беріктігі соншалық, бүгінге дейін бір кірпіші де ауыспапты. Оны Елденизидттер мемлекетінің екінші басшысы Джахан Пехлеван анасы Момын хатунға арнаған. Дегенмен кейбір дереккөздерде кесене Пехлеванның әйеліне арналған болуы мүмкін деген деректер айтылады. Бүгінде тоғыз бұрышты тарихи нысан маңына сол дәуірлерге тән жәдігерлер қойылған.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Бабаларымыздың ізі Нахичеван қаласында да сайрап жатыр. Ашық аспан астындағы мына музейде 11-16-ғасырларда жасалған 250-ге жуық құлпытасты көруге болады. Дешті-қыпшақ даласынан келген Елдениз 1136 жылы дәл осы жерде жеке мемлекет құрып, сұлтан болады. Ал мына менің оң жағымда тұрған кесе Мумина хатунға арналыпты. Ол да Елдениздер билік құрған тұста салынған екен.

Ал биік таудың басындағы мына қамал «Алинджакала» деп аталады. Ол  Нахчиваннан 60 шақырымдай жерде. Шамамен бірінші ғасырда салынған. Талай хан мен сұлтанның бекінісі болды. Араб тарихшыларының мәліметіне қарағанда 6-шы ғасырда мұнда қыпшақтар, албандар және матайлар билік құрған. 11-12 ғасырда қыпшақтар құрған Елдениз мемлекетінің бар қазынасын сақтайтын қамал қызметін атқарған.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Елдениздердің ақырғы сұлтаны Музафар Өзбек Елдениз осы арада қаза табады. Тарихшылардың айтуы бойынша ол осы арада жерленген қамалдың батыс жағында. 1225 жылы Хорезм Шахтың баласы Джалаладдин келіп, оларды жеңіліске түсіріп, олардың мемлекеті құлады. Бірақ Джалаладдиннің өзі көп тұрған жоқ. 13-ғасырда Құлағудың әскері келді.  Олар бір ғасырға тақау уақыт болды. 1357 жылдары Жалайырлар таққа келеді.

Ерте заманда осы араны мекен еткен Албандар мен Жалайырлардан қалған ескерткіштер Ордубад елді мекенінде де сақталған. Ал мына нысанды алтыншы ғасырда Орта Азиядан келген Албандар салған. Бүгінде музей ретінде қолданылады.

Магарам Исмайл, тарихшы:

- Албан тайпасының өкілдері бұл жерлерге біздің заманымызға дейінгі дәуірде келген. Бұл шіркеуді солар салған. Әу баста бұл шіркеу ретінде ашылып, 6-7 ғасырға дейін жұмыс істеді. Арабтардың келуімен мешіт болды. Ал бүгінде жергілікті музей ретінде қолданылады.

Сондай-ақ дәл осы ауылда 14-ғасырда яғни аймақты жалайырлар билеп тұрған тұста салынған мұз қоймасы сақталған. Тарихшылардың болжамы бойынша жер астына жеті-сегіз метр тереңдікте қазылған қараңғы нысанда қыста мұз жинап, жаз бойы керегіне жаратқан. Яғни дәрі-дәрмек, азық-түлік сақтаған. Нахчиван шаһарында бабаларымызға қатысы бар тарихи мекендермен танысқан ғылыми экспедиция Әзербайжандағы сапарын аяқтап, Иранға бағыт алды.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Самат Бекбатыров

Хабар 24 телеарнасы