377.97 423.44 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан кәсіподақтар федерациясы алдағы сайлау науқанында белсенділік танытпақ

  • 210
  • UPD: 21:40, 24.04.2019

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы президенттік сайлауға өз үміткерін ұсынды. Федерация атынан Амангелді Таспихов алдағы науқанға үміткер ретінде қатыспақ. Тиісті шешім бас кеңестің отырысында қабылданды.

2 миллионнан астам мүшесі бар Қазақстан кәсіподақтар федерациясы алдағы сайлау науқанында белсенділік танытпақ. Өз кандидатын ұсынып, сол арқылы кәсіподақтардың рөлін күшейтуді көздеп отыр. Ұйым мүшелері ақылдаса келе, Амангелді Таспиховты мұндай жоғарғы лауазымға лайық деп таныды. Себебі, Амангелді Сатыбалдыұлының мемлекеттік басқару ісінде тәжірибесі мол. Еңбек жолын инженер-технологтан бастаған ол, бірқатар басшылық лауазымдарда қызмет атқарды. Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаты да болды. Ал биылдан бастап Батыс Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.

Бақытжан Әбдірайым, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:

-Ең ірі ұйым ретінде өзіміздің атымыздан ең үлкен Қазақстандағы лауазымдық қызметке өзіміздің кандидатымызды ұсынып отырмыз. Бұл біріншіден, біздің жаңа белеске жаңа сатыға шыққаннын айғағы.

Негізі федерацияның атқару комитеті бұған дейін Таспиховпен бірге Мұхтар Тінікеевтің де кандидатурасын қарастырған болатын. Алайда ол мемлекеттік тілді жетік меңгермеу себебінен, сайлауға түсуден өз еркімен бас тартты. 

Мейірболат Жақыпов, ҚР мемлекеттік қызметкерлері кәсіподағының төрағасы:

- Осы талқылаудың нәтижесінде М. Тінікеев өзінің кандидатурасын алуды сұрады. Сондықтан бір кандидат.  Қазір соны барлығымыз қолдадық. Федерацияның бас кеңесі сондай шешім шығарды. Бірінші рет тарихта президенттік сайлауға өзіміздің кандидатымызды ұсынып жатырмыз.

Федерация Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің алдына қойған басты міндеттерін іске асыруға атсалыспақ. 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында қамтылған шаралардың іс жүзінде орындалуына бар күш-жігерімізді саламыз деп отыр.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы