389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында кәсіпкер жылына 300 тонна ет өндіреді

  • 362
  • UPD: 08:17, 25.04.2019

Түркістан облысының Созақ ауданында 120-ға жуық ірілі-ұсақты мал бордақылау алаңы бар.

Өткен жылы аудан шаруалары 450 тонна ет өндіріп, облыс орталығы мен аудандарына өткізген. Созақ ауылында мал бордақылау алаңын ашқан іскер азаматтардың бірі – Ыдырыс Жұманазаров. Кәсіпкер жылына 300 тоннаға дейін ет өндіріп, мал басын көбейтуде. Сонымен қатар 20-дан астам отбасына жұмыс тауып беріп отыр.

Бұл – Ыдырыс Жұманазаровтың мал бордақылау алаңы. Мұнда жылына 200 бас жылқы, 230 бас ірі қара, 50-60 бас түйе және 300 бас уақ мал бордақыланады. Барлығы өз малының төлдері. Алғаш шаруашылығын ашқан 2005 жылы Жамбыл облысынан 40 бас голландиялық ірі қара сатып алған. Соның тұқымын көбейтіп, қазір 400-ге жеткізіп отыр. Жылына 300 тонна ет өндіреді. Оны облыстан бөлек жергілікті уран өндіретін компанияларға өткізеді. Жеті бірдей мекемемен келісімшартқа отырған.

Ыдырыс Жұманазаров, шаруашылық басшысы:

- Мұндағы әр кенішке жылына 15 тонна ет кетіп жатыр. «Қазатомөндіріс» саласына 100 тонна ет кетіп жатыр. Қалғаны осы жергілікті жерге, одан кейін аудан, облыс орталықтарына кетіп жатыр. Мамырда мал осы аудан ішіне кетеді. Мұның енді пайдасы да бар, жұмысы да ауыр. Бірақ 24 отбасы осы жерден күн көріп отыр. Жағдайлары жақсы.

Істің көзін таба білетін азаматқа аудан әкімдігі жер беріпті. Енді ол жерге тағы да 250 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын салмақшы. Бұрын 200 басқа шақталған болса, енді 450 бас еркін сыятын болады. Оған қосымша тағы да 6 адамды жұмысқа алынады.

Ғалымжан Иманғалиев, жұмысшы:

- Біз мұнда сол малға қараймыз, астын тазалаймыз. Шөп саламыз, су береміз, жем береміз. Жұмысым ұнайды, айлығымды уақтылы алып тұрмын. Бала-шағамызды бағып, күнімізді көріп отырмыз.

Шаруашылық жем-шөпті Қостанайдан әкеледі. Жергілікті шаруалармен келісімге келген. Жылына 200 тонна жем, 200 тонна шөп сатып алады. Созақ ауданы негізінен мал шаруашылығымен шұғылданады. Бір қуантарлығы, соңғы жылдары тұрғындар мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолындағы азын-аулақ малының қарасын көбейтіп, бордақылау алаңдарын аша бастаған.

Қайырбек Мейірманов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Жалпы, мүйізді ірі қарамыз 31 мыңдай бас, 228 мың майда малымыз бар.  27 мың бас жылқымыз бар. 11900 бас түйеміз бар. Ірі қара мен жылқы бағытындағы шаруаларымыз жылдағы статистикамен салыстырғанда 25-30 пайызға өсім бар.

Жалпы, Созақ ауданында ірілі-ұсақты 120-дан аса мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Олар жылына 450 тоннаға жуық ет өндіріп, халыққа ұсынып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы