389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда апатты деп танылған 10 үй бұзылады

  • 437
  • UPD: 08:19, 25.04.2019

Оралда биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі бағдарламасы шеңберінде апатты деп танылған 10 үйді бұзу жоспарланып отыр.

Олардың дені өткен ғасырдың ортасында салынған. Енді олардың орнына жаңа көпқабатты үйлер салынып, тұрғындарға жаңа пәтерлер берілмек.

Ружейников көшесіндегі бұл үйде 160 адам тұрды. Екіқабатты ескі үйде барлығы 38 пәтер бар. «Әбден тозған үйдегі пәтерімізді сату былай тұрсын, өзіміз тұруға да мүмкіндік жоқ», – дейді тұрғындар.

Ақкенже Әбілхайырова, қала тұрғыны: 

- Осы үйде 22 жыл тұрдым. Тұрмыс нашар болды, әсіресе санитарлық жағдайы шамалы болды. Жертөледе су, маса, тышқан болды. Содан кейін бағдарлама бойынша сүріліп кеткеніне өте қуаныштымыз.

Құрылыс кәсіпорны осы жерде 9 қабатты екі үй салмақ ниетте. 39 пәтер бұзылатын үйдің тұрғындарына беріледі. Жаңа үй салынып болғанша бұрынғы үй тұрғындарының пәтерақыға кететін шығынын да компания өз мойнына алып отыр. Ал инженерлік желілер жергілікті бюджет есебінен тартылады.  

Асқар Қощанов, құрылыс компаниясының басшысы:

- Бұрынғы ескі үйдегі 2 бөлмелі пәтерлердің ауданы небары 42 шаршы метр екен. Ал жаңадан салынатын үйде 2 бөлмелі пәтердің көлемі – 60 шаршы метр. Біз қазіргі талаптарға сай, бұзылатын үйдің тұрғындарына осындай көлемдегі пәтерлерді береміз. Құрылыс жұмыстары келер жылдың мамыр айында аяқталады.  

Алтынбек Қайсағалиев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

- 31 мектептің алаңында 9 апатты үй бар. Әрбір үйде 10-12 пәтерден. Солардың барлығын бұзу жоспарымызда бар. Бұзу үшін біз оларға бірінші жаңа үй салуымыз керек. Сондықтан осы жерден 90 пәтерлік және 45 пәтерлдік 23 үйдің құрылысы басталып кетті.

Оралда әбден тозығы жетіп тұрған 200-ден астам үй бар. Олардың көбі өткен ғасырдың 50-жылдары салынған. Қазір қала билігі мұндай ғимараттарды түгелдей бұзып, орнына жаңа көпқабатты үйлер салуды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстар мемлекет пен жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында жүзеге аспақ.    

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы