378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейлік саяжай тұрғындары қоғамдық көліктің жоқтығына шағымданды

  • 116
  • UPD: 21:30, 25.04.2019

Семей іргесіндегі «Солнечная долина» саяжайлар кооперативіндегі 800-ге жуық отбасы автобус қатынасының жоқтығы мен жол мәселесі әбден қажытқанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қоғамдық көлік саяжайға тек демалыс күндері қатынайды, ал қалған уақытта Мұрат ауылына дейін ғана жүреді екен. Бұл әсіресе зейнеткерлер мен оқушы балаларға қиындық тудырып отыр.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Мұрат ауылы мен саяжайдың ортасындағы 3 шақырым жерді зейнеткерлер әзірге осылай жаяу жүруге мәжбүр. Арасында такси ұстауға да тура келеді екен. Ал оның құны – барып қайтуы 3 мың теңге. Ал қазіргі көктемнің әр күні жылға азық екенін ескерсек, бұл мәселенің тезірек шешімін тапқанын қалайды тұрғындар.

Биыл көктем ерте келді. Яғни жер өңдеу жұмыстары да былтырғыдан ерте басталды. Саяжай иелері әрбір күнді тиімді пайдаланғысы келеді. Ал 800-ге жуық телім иелерінің тек жартысында ғана жекеменшік көлік бар. Сондықтан қоғамдық көлік мәселесі өзекті болып отыр.

Ирина Юмаева, саяжай иесі:

– Мамыр айында бақша отырғызуға кірісіп кетеміз, ал оған дейін топырақ өңдеу, ағаштарды тазалау сияқты барлық дайындық жұмыстарын аяқтап қоюмыз қажет. Сондықтан біздің сұрайтынымыз, автобус сәуірдің 15-інен бастап қазанның 15-іне дейін үздіксіз кестеге сәйкес жүріп отырса екен. Біз осы бау-бақшаның арқасында бала-шағамызға қысқа экологиялық таза әрі сапалы азық жинап аламыз. Салықты да уақытында төлеп отырмыз.

Саяжай алқабындағы 30 үйдің тұрғыны жыл он екі ай осында тұрады екен. Мектеп оқушылары да бар. 27-бағытта қызмет көрсететін автобус тек біреу ғана, сондықтан оны бір жарым сағат күтуге тура келеді. Ал халық сенбі, жексенбіден өзге кездері Мұрат ауылына дейін тіпті жаяу баруға мәжбүр. Тағы бір түйткіл жол жөндеуге қатысты.

Ольга Кравцова, «Солнечная долина» саяжайлар кооперативінің төрайымы:

– Жолды тек Мұрат ауылына дейін ғана жөндейді. Одан бергі 3 шақырым жер жүруге жарамды болғанмен, кейбір тұстары шұрық-шұрық тесік. Шамамызға қарай, біз кооперативтің қаржысына асфальт сатып алып, бітеген боламыз. Алайда мамандардың жұмысындай болмайды. Жыл сайын осы мәселені шешуді өтініп, әкімдікке айтумен келеміз. 

Нұрлан Серғазинов, Семей қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– Бұл мәселе бойынша біз тасымалдаушы компания өкілдерімен кездесіп, мүмкіндігіне қарай мамырдың біріне дейін автобус жүргізуді ұйымдастырамыз. Ал екінші мәселеге келетін болсақ, кестеге сәйкес биыл мамыр айында жергілікті маңызы бар жолдарға жөндеу жүргізу басталады. Яғни елді мекендерге баратын бағыттар ретке келтіріледі. Сондықтан бұл саяжайға баратын жол да назардан тыс қалмайды.

Қалалық әкімдіктегі жауапты мамандар бұл мәселені егжей-тегжейлі зерделеп, қажет болса автобустар санын көбейтеміз деген уәде беріп отыр. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы