378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыдағы қоғамдық көліктің жыры қашан бітеді?

  • 151
  • UPD: 21:31, 25.04.2019

Қарағандыда қоғамдық көліктер мәселесі өткір болып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, таңғы және кешкі қарбалас шақта жұртшылық жұмысқа әзер жетіп, үйлеріне әрең қайтады. Себебі қала халқы жыл санап өсіп келеді. «Осыған сай автобус қатынасын реттеп, бағытын да қайта қарастыру керек», – дейді наразы жұрт.

Қарағандылық тұрғындардың күндегі тірлігі осы. Қанша қысылып-қымтырылса да, жұмысқа жетудің қамын ойлайды. Келесі автобустың да дәл осылай келетінін біледі. Адамға лық толы көлікке саңылау тауып, сыйып кетсең, жолыңның болғаны.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

– Қаланың оңтүстік-шығыс ауданындағы «Майқұдық» шағын ауданынан қала орталығына дейін қатынайтын автобустардың бірімен біз де жүріп көрдік. Аралық 10 шақырымнан асады. Қарағандыда 500 мыңнан астам халық бар болатын болса, соның 150 мыңға жуығы Майқұдықта тұрады. Тұрғындардың басым бөлігі, орталықта жұмыс істейтіндіктен, осылай қатынауға мәжбүр.

Күніне Қарағандыда 500-ге жуық автобус 51 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Жергілікті билік мәселені шешіп жатырмыз, дегенімен жұртшылықтың наразылығы басым.

Динара Иманғалиева, қала тұрғыны:

– Жұмысқа әрең жетеміз. Кейбір автобустар тоқтамайды да. Себебі түсетін адам жоқ, алатын жері жоқ.

Махаббат Әміржанова, қала тұрғыны:

– Автобустар уақытымен жүрмейді. Уақытымен жүргенде де біз сыймай қаламыз. Кешкі уақыттарда сағат 19:30-да автобустар тоқтайды. Жұмыстан шыққан адамдар үйіне жету керек.

Қазір Қарағанды облысында барлығы 9 автопарк бар. Бірақ бар деген аты ғана. Қала ішінде жүретін автобустардың 70 проценті №3 автопаркке тиесілі. Яғни бәсекелестік жоқ жерде қызмет сапасы туралы айтудың өзі артық. Монополист осыдан 6 жыл бұрын жолақы құнын 80 теңгеге қымбаттатқанда, автобустардың жұмысы жақсарады деп уәдені үйіп-төккен болатын. Жұртшылықтың айтуынша, жағдай бәз баяғы қалпы. Соңғы екі жылда қоғамдық көліктер жаңартылмаған. Десе де, салаға жауапты мамандардың алдағы жоспары ауқымды.

Қабидолла Ескендір, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Автобустарға қатысты түйткілді мәселенің бары рас. Бірақ оны шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Қоғамдық көліктердің кісіге таласып, бір-біріне жол бермейтін оқиғалары да болғанын жасырмаймыз. Қазір қарбалас шақта автобустың қатынасын жиілетіп, кептеліс болдырмас үшін бағыттарды өзгерту жағын да қолға алып жатырмыз. Күзге қарай жолаушылар тасымалдауын цифрлық жүйеге көшірмекпіз.

Айта кетейік, жақында депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері тәртіп сақшыларымен бірлесіп, қала көшелерінде рейд жүргізген. Нәтижесінде жол тәртібін бұзған, жолаушыларға дөрекілік көрсеткен 22 жүргізуші мен 12 кондуктор әкімшілік жазаға тартылды. Ал үшеуі жұмыстан шығарылған.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы