378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шығысқазақстандық зағип жандар көмекшісіз қалды

  • 169
  • UPD: 21:32, 25.04.2019

Шығыс Қазақстанның Риддер қаласындағы бірнеше зағип азамат 1,5 айдан бері жеке көмекшісіз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуларынша, мүгедек жандардың қасында еріп, әрлі-берлі қатынауына көмектесетін адамдарға наурыз айының ақысы төленбей қалған. Оның үстіне ол қызметті ұсынған қоғамдық бірлестік ауысып, жаңа мекеме жаңа талаптарын қойып отыр. Ал жарымжан кісілер ол шарттарға үзілді-кесілді қарсы.

Жасы 80-ге жақындап қалған Герман қарияның көзі көруден қалған. Өмір бойы металл жонушы болып істеген ол, сол жұмыстың салдарынан көз жанарынан айырылыпты. Үйде жападан жалғыз тұрады. «Енді оның үстіне көмекшісіз қалдым», – дейді.

Герман Степанов, 1-ші топ мүгедегі:

– Маған бөтен адамды көмекші етіп ал дейді. Ал біз көмекші ретінде өзімізге таныс адамды берсе дейміз. Өйткені бөтеннің аты бөтен. Мен оған тиын-тебенімді сеніп тапсыра алмаймын, тіпті осыған дейін сан соғып қалған кезім де болған.

Сәуірдің басында Риддердегі 40-тан астам зағип өздерін көмекшілермен қамтуға жауапты жаңа қоғамдық бірлестік өкілдерімен танысады. Мәселе содан басталған. Ол мекеме зағиптарға бейтаныс адамдарды көмекші ретінде ұсынған әрі олардың бір күнгі жүріс-тұрысын құжатта көрсету туралы талап қояды. Бұған көзі көрмейтін азаматтардың біршамасы түбегейлі қарсы.

Анна Шипилова, 1-ші топ мүгедегі:

– Біріншіден біздің көмекшілеріміз наурыз айы үшін төленетін ақыдан қағылды. Қазір бізбен жұмыс істеу бойынша тендерді ұтып алған мекеме басшылығы болса, бізді көмекшілер қайда апарады, қайдан әкеледі барлығын бақылауға алып, есеп жүргізбек.

Мамандардың өз уәжі бар. Көмекшілердің зағиптарды қайда ертіп барғаны туралы есеп беруі бөлінген қаражаттың орынды жұмсалғанын дәлелдейтін ресми құжат дейді олар.

Дарын Сағдолдин, қоғамдық бірлестіктің жоба нұсқаушысы:

– Бұл кісілер жеке көмекшілердің қызметін әлеуметтік қызметкерлердің міндетімен шатастырып алған. Жеке көмекші көмек алатын кісі үйден шықпаса, бұл көмек көрсетілмейді, соған байланысты бұл мемлекеттік ақша болғандықтан, тексеріс болады.

Ал жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, зағиптармен жұмыс істеуге қоғамдық бірлестіктердің көбісі келісе бермейді. Өйткені олар мүгедек жандар тарапынан түскен шағымнан бас көтере алмай, толассыз тексерулерге тап болатын көрінеді.

Ерік Аусанұлы, Риддер қаласы әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы:

– 160-тай шағым түскен, сондықтан бұл кісілермен алдыңғы 2 қор, қоғамдық бірлестіктер жұмыс істеуге келісімін бермеді. Сондықтан мемлекеттік сатып алулар жүргізілген.

Сөйтіп тендер өткізіп жүрген кезде көмекшілердің наурыз айы үшін еңбекақысы төленбей қалған. Енді бұл қарызды әкімдік жуық арада демеушілердің көмегімен қайтарамыз деп сендірді. Зағиптармен жұмыс істейтін жаңа мекеме болса, ол адамдардың шағымын ескеріп, өз туыстарын көмекші ретінде ұсынудың жолын қарастыратын болды. Бұл шешім мүгедек жандардың да ойынан шықты. Айта кеткен жөн, жалпы Риддерге биыл мұндай қызметті көрсету үшін 19 миллион теңге бөлінген екен.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы