379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Әлия» іздестірушілер экспедициясы кезекті сапарға аттанды

  • 175
  • UPD: 12:37, 26.04.2019

Олар бұл жолы Ресейдің Тверь облысындағы Оленино ауданына барады.

Сол жерде халықаралық «Естелік вахтасы» акциясы өтеді. Ақтөбелік іздестірушілер  тобы 30 жылдан бері Ресей, Украина мен Белорусь елдеріне барып, хабарсыз кеткен жауынгерлердің зиратын іздеумен айналысады. Осы уақыт ішінде жүздеген адам туралы ақпарат жинады.

Артем Трухан экспедиция құрамына 12 жасында келді. Басында ел көру үшін ергенін айтады. Іздестіру жұмыстарының маңыздылығын түсінгеннен кейін, 4 жыл қатарынан өзі сұранып барған. Биыл да сапарға аттанғалы жатыр.

 Артем Трухан, экспедиция мүшесі:

- Осы жылдар ішінде есейіп, көп нәрсені түсіндім. Экспедиция хабарсыз кеткен жауынгерлердің тума-туыстары үшін керек. Олар өздерінің аталары туралы ақпарат білгісі келеді. Бұл жұмыстар менің мінезімді, көзқарасымды өзгертті деуге болады.

Іздестіру тобы 30 жылда бірнеше рет жаңарды. Қазір құрамында жастар көп. Топтың мақсаты соғыс жылдары қаза тапқан жауынгерлердің жатқан жерін анықтап, олар туралы дерек жинау. Осы уақыт ішінде 3000 қазақстандық жауынгердің сүйегін арулап қайта жерлеген. Хабарсыз кеткен 100 адамның аты-жөнін анықтаған. 6 жыл бұрын Ресейдің Тверь облысында ескерткіш тақта орнатып қайтты. Ол аймақта Ақтөбеде жасақталған 101-атқыштар девизиясы жаумен шайқасқан еді.

Берік Жиеналин, экспедиция мүшесі:

- Қайтыс болған адамдардың сүйектерін елге жерлейік деген оймен бара жатырмын. Себебі менің де атам да Ұлы Отан соғысында жоғалып кеткен. Ленинград майданына кеткен.

Іздестіру тобы майдан даласынан табылған заттарды Ақтөбедегі «Әлия» музейіне тапсырады. Музейде 9 мыңнан астам жәдігер болса, оның ішінде қазақстандық жауынгерлер ұстаған қару-жарақ, оқ-дәрілер де бар.

Айнагүл Оразова, музей қызметкері:

- Соғыс кезіндегі қару. Біздің аталарымыз пайдаланған. Соларды міне жердің астынан қазып алып келген біздің іздестіру тобымыз. Соларды бізге тапсырып, өзіміз экспонат ретінде музейге қойып отырмыз.

Жалпы соғыс жылдары 122 мың ақтөбелік майданға аттанса, оның 36 мыңы қайтпай қалды. Өңірден 35 Кеңес Одағының батыры шықты, 9 жауынгер «Даңқ» орденінің иегері атанды.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Айбек Дәуітов

Хабар 24 телеарнасы