379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Полигон аймағындағы халыққа сынақтардан келген зиян үшін әлеуметтік кепілдіктер көлемін анықтаймыз – Тоқаев

  • 195
  • UPD: 13:03, 26.04.2019
Полигон аймағындағы халыққа сынақтардан келген зиян үшін әлеуметтік кепілдіктер көлемін анықтаймыз – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласында жұртшылықпен кездесуде, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі Твиттердегі ресми парақшасында.

Президент Шығыс Қазақстан облысы бойынша жұмыс сапары аясында Семей қаласына тоқтады. Халықпен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев өңір бойынша өзекті мәселелерді көтерді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегі мен ерік-жігерінің арқасында Семей полигоны біржола жабылды. Бұл оқиғаны әлем жұртшылығы теңдессіз ерлік деп бағалады. Елбасы жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажеттігін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір «Семей полигонындағы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан тұрғындарды қорғау және оңалтуға арналған бұған дейінгі шаралардың тиімділігі» жөнінде арнайы зерттеу жүргізілуде. Жыл соңына дейін полигон аймағындағы тұрғындар мен олардың ұрпақтарына ядролық сынақтардың зиянын нақтылап, әлеуметтік кепілдіктердің көлемін анықтаймыз. 

Президент осы ретте Үкіметке полигон аумағындағы халыққа берілетін көмектің мөлшері жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ядролық медицина орталығының құрылысына қатысты мәселе 2012 жылдан бері айтылып келеді. Жағдайдың мән-жайын мен жақсы білемін. Орталықтың құрылысы әбден созылып кетті. Бұл тиісті меморгандардың адам тағдырына соншалықты селқос қарап отырғанын көрсетеді. Облыс әкімі мен Денсаулық сақтау министріне орталықты жабдықтап, қысқа мерзімде іске қосуды қатаң тапсырамын. Жағдай жасалмаған тар ғимаратта орналасқан оңалту орталығы бір уақытта 35 бала ғана қабылдай алады. Бұл шындық. Мүлде сын көтермейді. Облыс әкіміне мәселені дереу қолға алып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Балаларды оңалту орталығын салуды қарастыру қажет.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының Шығыс Қазақстан облысы бойынша жұмыс сапары ресми түрде басталды.

Хабар 24 телеарнасы