378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таразда көші-қон орталығы ашылды

  • 164
  • UPD: 18:10, 26.04.2019
Таразда көші-қон орталығы ашылды

Шетел азаматтарына арналған орталықтың жұмысымен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Қыстаубай Сағынтаев пен облыстық Полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиев бірлесіп таныстырды. Бүгінгі таңда мұндай орталықтар республикамыздың 13 облысында жұмыс істейді.

Шараға Жамбыл облысы әкімнің орынбасары Бекболат Орынбеков, Тараз қаласы әкімнің орынбасары Кенжебек Олжабай және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Тулебаев қатысты.

Көші-қон орталығына келетін еңбек мигранттары мұнда жұмыс істеу рұқсатын рәсімдеп, оның мерзімін ұзарта алады. Болашақта орталықта ҚР аумағына уақытша келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар тіркеуден өтіп, шетелге тұрақты тұруға шығатындардың құжаттары рәсімделетін болады.

«Аталған бөлімде 14 қызметкер жұмыс істейді. Мұнда қызмет алушылар үшін барлық жағдайлар жасалған. Мемлекеттік құжаттарды рәсімдеуден бөлек, шетелдік мигранттар медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өтіп, сақтандыру полисін рәсімдеп, жеке сәйкестендіру нөмірін ала алады», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Қыстаубай Сағынтаев.

Айта кетейік, еңбек мигранттары бұған дейін тиісті рұқсат құжаттарын алу үшін бірнеше мекемеге барып, 2-3 күн уақытын жұмсайтын, енді көші-қон орталығының қызметіне жүгіну арқылы құжаттарды екі сағаттың ішінде рәсімдеуге болады.

Маяковский көшесі, 42 А мекенжайындағы ғимаратта орналасқан көші-қон орталығы аптасына алты күн, сағ. 9:00-20:00 аралығында жұмыс істейді.

Хабар 24 телеарнасы