378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде құрылыс компанияларының 90% экологиялық талаптарды сақтамайды

  • 117
  • UPD: 08:53, 27.04.2019

Ақтөбеде құрылыс компанияларының 90 пайызы экологиялық талаптарды сақтамайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай жайт облыстық экология департаментінің мамандары жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесінде белгілі болды. Бұдан бөлек, қоқыс полигоны толуға айналса, кәріз суларын тазалау қондырғысы әбден ескірген.

Біраз күн бұрын мына жерден 100 тонна қоқыс шығарылған. Бақылау болмаған соң, саяжай тұрғындары тұрмыстық қалдықтарын төгіп келген. Тіпті қаланың түрлі аудандарынан да көлікпен келіп тастаған екен. Қала маңында мұндай орындар аз емес. Енді қоқыс орнынан жағымсыз иіс шығып тұр.

Дастан Әжібаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Мысалы тоңазытқыштар және үй салып жатқандар құрылыс материалдарын да шығарады. Оның барлығын мердігер мекеме алуға тиісті емес. Тағы да бір айта кететін жағдай, ол қала бойынша лас суларды төгу мәселесі. Ол жерлерде де біз өз тарапымыздан және учаскелік полиция бірігіп жұмыс жүріп жатыр.

Қаланың кәріз желісіне ағынды суларын төгетін кәсіпорындардың кесірінен жағымсыз иіс пайда болады. Ал оны сүзгіден өткізіп, тазартатын басты тазалау нысаны әбден ескірген. 40 жылдан астам уақыт бұрын 250 мың тұрғынға шақтап салынған станса жұмысын жаңғырту жобасы жасалып жатыр. Мұның жағымсыз иісті жоюға да септігі тимек.

Жандос Өтеулин, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

– Бұл жұмыстар қазіргі бар желілерді жаңарту, жаңадан желілер салу, осы нысанды үлкейту болып табылады. 103 мың көлем 2 есеге артады. Бұл Ақтөбенің өсуіне байланысты.

Жыл басынан бері экологиялық талапты сақтамаған 52 компанияға айыппұл салынды. Олардың қоршаған ортаға келтірілген шығын көлемі 35 млн теңгені құрайды. Ал кәріз су желісіне ағынды су жіберетін кәсіпорындарға сүзгі орнату, өз аумақтарында арнайы алаң құру міндеттелді. Былтырдан бері лас суға араластырғыш катализатор қолданатын болды.

Жақсығали Иманқұлов, облыстық экология департаментінің жетекшісі:

– Катализатордың өз концентрациясы бар. Мына ағынды суға қосқанда, ол судың құрамындағы күкірт сутекпен жағымсыз иістерді жояды. Оның көмегін былтыр көрдік.

Эколог мамандар тиісті талаптың сақталуын қатаң бақылауда ұстап отыр. Алда ірі мұнай-газ компаниялары мен тау-кен өндіру кәсіпорындары тексерілмек.

Авторлары: Әнурбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы