378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда өткен жылы 86 адамды ит қапқан

  • 91
  • UPD: 15:32, 28.04.2019

Ал жыл басынан бері 13 адам қаңғыбас төбеттерден зардап шекті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – жедел жәрдем бекетінің берген мәліметі. Қалада қаңғыбас иттерді жою жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

Жасы алпысты алқымдаған Күлкөш Ібітаева осыдан тура бір жыл бұрын болған оқиғаны еске алған сайын шошиды. Оны көшеде жүрген қаңғыбас иттер емес, біреудің байлап, бағып отырған иті қасқырша талап тастаған. Тіпті білегінің бұлшық етін жұлып алыпты. Айтуынша, Күлкөш апа итпен 15 минуттай алысқан. 

Күлкөш Ібітаева, қала тұрғыны:

- Содан кейін келді. Сол жүргізуші итті қуды, ұрды. Ұзаққа созылды. Сосын мені ауруханаға алып барды. Мына қолымнан талады. Мен қазір иттен қатты қорқам. Кішкентай ит болсын, үлкен ит болсын.

Күлкөш апаның көршілері де «көшедегі иттер әбден зәремізді алып болды», – дейді. Сөздеріне сенсек, осы маңайда қаңғыбас иттер де, қарғыбауға байланған қабағандар да өте көп екен.

Бақыт Орынбаева, қала тұрғыны:

- Барлық үйде ит бар. Ит жоқ үй жоқ. Оны кейбіреулері байлап қояды. Қасынан өткенде олар үреді, жібі қазір үзіліп кетеді. Дүкенге бара алмайсың. Бос жүргендер көп. Сіздер келіп едіңіздер, көрінбей қалды. Атып тастау керек.

Расында, түсірілім барысында біз бұл маңайдан көше кезіп жүрген иттерді байқай қоймадық. Алайда қаланың басқа аудандарында қаптап жүрмесе де, үш-төртеуі кездесті. Әдетте үйір-үйір болып жортатын олар неге сонша азайып кетті десек, биыл біразы ит ататындардың қармағына іліккен екен.

Тоқтар Сәрсенбаев, қалалық ветеринария бөлімінің жетекшісі:

- Биыл бірінші тоқсанда облыс орталығымен қоса Красный Яр және Станционный ауылдарынан 1 мың бас ит ауланды. Ал былтыр Көкшетау қаласы бойынша 3600 бас ит пен мысық ұсталып, олар арнайы орында күйдіру әдісімен жойылды. Бұған 8 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды. Яғни бір басқа 2200 теңгеден қаржы бөлінеді.

Дәрігерлердің айтуынша, қаңғыбас иттердің қабағанынан гөрі құтырғаны тістесе қиын. Оның емі кемінде 3 айға созылмақ. «Ал негізінде қауіп тек иттерден емес, жабайы мысықтардан да келуі мүмкін», – дейді мамандар.

Ратмир Надыров, травматолог:

- Мысықтың тістегені өте ұзақ жазылады. Тіпті, тырнап алса да жаман. Жабайы мысық тістегенде көбіне теріасты майларына инфекция таралады.

Сондықтан қаңғыбас иттер мен мысықтардан абай болған абзал. Ал жануарларды қорғауды мақсат еткен белсенділер әлеуметтік желілер арқылы халықты оларды өлтірмеуге, керісінше, қорғауға шақырады. Тіпті бірнеше рет Көкшетаудан жануарларды бағатын арнайы орын ашуға да тырысты. Алайда,бұған бюджетте қаржы қарастырылмаған.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко,  Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы