378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да отандық сүт өнімдеріне сұраныс көбейген

  • 184
  • UPD: 09:07, 29.04.2019

Шығыс Қазақстанда отандық сүт өнімдері бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, көпшіліктің сұранысын қанағаттандырып отыр.

Осы салада жетістікке жеткен іскер азаматтардың бірі – семейлік фермер Марат Қалиқанұлы.

Ол «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлікті дамыту қорынан жеңілдетілген несие алып, асыл тұқымды мал және сүт өндіруге қажетті шетелдік құрал-жабдықтар сатып алған.

Бүгінде бұл жерде өндірілетін сүт өнімдеріне жергілікті халықтың сұранысы жоғары. Шаруашылықта таңертең және кешке сауылған сүт осындай арнайы көліктермен жеткізіліп, қатаң тексеруден өтеді. Тәулігіне 13 тоннадан артық сүт өңдеуге қауқарлы цехта қазір 17 түрлі өнім шығарылады. Айран, қаймақ, ірімшіктен өзге инновациялық өнімдер де бар.

Шынар Сәпиева, технолог:

– Сорпаға қосатын құрт қайнатамыз. Сұраныс өте жоғары.

Осыдан 10 жыл бұрын шаруашылықтың іргетасы қаланғанда жеті-ақ адам еңбек ететін, 50 бас сауын сиыр бар еді. Бүгінде мұндағы мал басы 600-ден асып, жұмыс орындары 160-қа жақындаған. Осыдан бірнеше жыл бұрын фермер кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 80 миллион теңге несие алып, оған асыл тұқымды сиырлар мен германиялық озық құрал-жабдық сатып алыпты.

Марат Қалықов, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Тағы да Ресеймен келісімшартқа отырып жатырмыз. Үстіне 150 бас сиыр әкелмекпіз. Ауылдағы азаматтар мен азаматшалар жұмыспен қамтылып жатыр. Биылғы жылы тағы да қосымша сиыр алсақ, қосымша жұмыс орны ашылып, жұмыс көбейеді.

Қазір көктемгі төл алу науқаны қызған шақ. Ауыл тұрғындарының еңбекке деген ынтасы жоғары. Жалақылары тұрақты. Шаруашылық биыл мемлекеттің қолдауымен лизингке бірнеше трактор, комбайн алуды да жоспарлап отыр. Бұл мал азығын дайындауға үлкен көмек дейді фермерлер. Ал сүт өнімдерінің түрлері көбейген сайын, Семей, Өскемен қалаларынан өзге аудандарға да тасымалданбақ.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы