379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Үлгілі ауыл» атанған маңғыстаулық елді мекенде қандай жұмыстар атқарылуда?

  • 306
  • UPD: 09:08, 29.04.2019

Таушық ауылында тындырымды іс көп. Маңғыстау облысындағы бұл елді мекен былтыр «Туған жер» бағдарламасы аясында «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы атанды.

«Жасыл архитектура» жоспары бойынша әкімдік көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізіп отыр. Аумағы үш гектар саябаққа мыңға тарта ағаш егілген. Ал жүлдеге алған 10 млн теңгеге көше бойына электр үнемдегіш шамдар орнатыпты. 

Таушық ауылы Түпқараған ауданына қарайды. 3200 адам тұратын елді мекенде 10 көше бар. Сегізін кешкілік электр үнемдегіш шамдар жарықтандырады. Биыл ауылдың 80 жылдығын атап өту жоспарда бар. Оған дейін екі көшеге диодты лампалар ілінеді. Соңғы үлгідегі шамдар тау етегіндегі ауылдың ажарын ашып, жылына 4 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр.

Шалқыбай Әзірбаев, ауыл әкімі:

– Бұрын жылына 15 млн теңге беріліп отырса, қазір 11 млн теңгенің жобасында жұмсап отырмыз. Жауын-шашынды, жел күндері лампа жанып кететін. Қайта ауыстыруға тура келетін болып жатса, қазір тұрақты. Күйіп кету фактісі орын алып жатқан жоқ. Белгілі бір сағатқа қойғанбыз. Сол сағатта кешке күннің батуына орай таңертең таңның атуына орай өзі жанып, өзі сөнеді.

Таушықта 500-ге тарта жер үй бар. Оның 64 учаскесіне газ барып тұр. Қалғанына көгілдір отын жеткізуге 278 млн теңге керек. Облыс бюджетінен қаржы бөлінсе, құжаты дайын жоба биыл жүзеге асуы тиіс.

Ерназаровтар жанұясы ауылдың «Жаңа квартал» деп аталатын бөлігінде тұрады. Былтыр қоныс тойын тойлаған отбасы енді үйіне ауызсу құбырының келуін күтіп жүр.

Рәзия Сәтенбаева, ауыл тұрғыны:

– Бұл жерге 2006-2007 жылдардан бастап газ тартылды. Біз бұл үйге былтырғы жылы қоныстандық. Сол жылдан бастап, «Жаңа кварталға» газ берілді. Халықтың жағдайы жақсы. Газ бар, жарық бар.

Биылғы жазда Таушықты ауызсу жүйесімен толық қамту күн тәртібінде тұр. Мердігер мекеме құрылыс-монтаж жұмыстарын өткен қараша айында бастапты. Жалпы ұзындығы 20 шақырымдық құбыр тартуға 300 млн-ға жуық теңге жұмсалуда. Айта кетейік, үлгілі ауыл ішіндегі 15 шақырымдық көлік жолында ақау жоқ.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы